Жалын жігер жеңісі
Мақат кентінде мүмкіндігі шектеулі бола тұра, кәсіпкерлікке бет бұрған Тыныштық Есжанова мемлекеттен үш миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алып, ерекше балаларға арнап жеке оқу орталығын ашты. Бүгінде бұл – аудандағы жалғыз мектепке дейінгі мекеме саналады.
Қазір онда үш пен бес жас шамасындағы елу бала тәлім алады. Жақында мүгедек балалар да оқуға қабылдана бастады. Бұл жобаның жүзеге асуына «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы себеп болған. Кейіпкеріміз өзі көз мүгедегі болғандықтан, мүмкіншілігі шектеулі жандардың жолында қандай қиындықтар кездесетінін бес саусағындай біледі. Әсіресе, ерекше балалардың өсіп-жетілуі қоршаған қоғамға тікелей байланысты екенін жақсы түсінеді.
Кәсіпкердің мүмкіндігі шектеулі болса да, кеудесін кернеген құлшынысы шексіз. Бұрынғы ғалым-агрономның қазір табысты бизнесвуменге айналғанына таңғалмай көріңіз! Оның пікірінше, осындай оқу орталықтары еліміздің барлық аймағында ашылуы тиіс.
— Көмекке мұқтаж балалардың көбісі уақыттарын үйдің ішінде өткізеді. Оларды оқу орталықтарында оқытуға ата-аналардың жағдайлары жете бермейді. Сондықтан, аудан орталығынан түрлі ауруға шалдыққан балаларға арнап білім ұясын ашуды ұйғардым. Өйткені, олардың басқа балалардан еш кемшілігі жоқ, — дейді ол.
Жалпы, ауданда 80-нен астам ерекше бала тіркелген. Олардың барлығы дерлік осы орталықтан білім алады. Осындағы үш оқытушы арнайы оқу курсынан өткен. Орталық керек құрылғылармен, әдістемелік құралдармен және басқа да қажеттіліктермен толықтай қамтылуда. Барлық жұмыс аудандық білім бөлімімен тығыз байланыста атқарылады. Соңғы кездері аймақта кәсіпкерліктің кең етек жая бастағанын айтпай кетуге болмас. Бұл бағытта мүмкіндігі шектеулі жандардың да белсенділік танытып отырғаны қөңіл қуантарлық жағдай. Мәселен, үстіміздегі жылдың өзінде мемлекеттік қолдау бағдарламалары негізінде осындай үш адам кәсіпкер атанып үлгерді.
Мақат ауданы.