Жалғансай ауылының жас суретшісі мекемелер мен балабақшалардың қабырғаларын безендіреді
Қыл қаламды сөйлеткен жас суретші Исатай Майемеров Махамбет ауданы, Жалғансай ауылында тұрады. Отбасында төрт қыздың арасындағы жалғыз ұл. 2010 жылы Маңғыстау облысындағы Өнер колледжіне түсіп, 2014 жылы суретші мамандығын алып шығады. 2018-2021 жылдар аралығында Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы жоғары оқу орнында оқып, «Бейнелеу өнері және сызу мамандығын» бітіреді. Қазіргі таңда Жалғансай ауылы Шалқыма мәдениет үйінде суретші мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Балаларға сурет үйірмесінен сабақ береді.
-Сурет салуға деген қызығушылығым балабақшада жүргенде бастау алды. Кейін мектеп қабырғасында әр түрлі сурет байқауына қатысып жүрдім. Адам өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деп жатады ғой. Біріншісі — мамандық таңдау, екіншісі — жар таңдау. Мен мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені, жаным осы бір сырлы да сиқырлы мамандықты қалады. Өзімнің сүйікті ісімді, өмірлік мамандығым ретінде таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Атақты суретші Пабло Пикассо: «Суретші көргенін емес сезінгенін бейнелейді» деген екен. Сол айтқандай мен де сезінгенімді ақ қағазға түсіремін. Жұмыс жасап отырып демаламын, — деді И.Майемеров.
Жас суретші тапсырыспен сурет салады. Мекемелердің, балабақшалардың қабырғаларын безендіреді. Танымал тұлғалардың портреттерін бейнелейді.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша, суретшілік өнер ғана емес ауданға керек кәсіп.
-Сурет салу — табиғатынан талант дарыған ерекше жандарға берілетін қасиет. Нағыз талантты суретшінің туындысына қарап отырып адамның миы демалады. Сурет адамды тылсым әлемге жетелейді. Суретшілік өнерді дамыта отырып, кәсіп көзіне айналдырып жүрген өнер адамдары жетерлік. Исатайдың да кәсібін нәсібіне айналдыруға мүмкіндігі толық жетеді. Өнерлі жасты қолдау мақсатында қайтарымсыз грантқа қатысып көруге кеңес бердік. Біз үшін ең бастысы — осындай талантты жастардың ауылда тұрақтап қалуына мүмкіндік жасау, — деді Ж.Пазулов.
Бүгінде И.Майемеров Жалғансай ауылынан балаларға арналған сурет үйірмесін ашып, бар білгенін талантты балаларға үйретіп жүр. Үйірмеде 12 бала білім алуда.