Жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шара қатысушылардың пікір алмасуы және әңгімелесу форматында ұйымдастырылды.
Агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров 100 нақты қадам — Ұлт жоспарының бірінші институционалдық реформасы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру» бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстың барысы, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысы бойынша, алдағы кезеңдегі міндеттер туралы баяндады.
Ведомство басшысы алдағы негізгі міндет еңбекақының жаңа жүйесін енгізу мәселесі болып табылатынын және ол оның жеке сектормен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп, орталық пен өңірлердегі қызметкерлерге төлеудің үйлеспеушілігін жоятынын атап өтті.
Жалақы төлеудің жаңа жүйесі екі бөліктен тұрады. Біріншісі — тиянақталған, ол — факторлық-балдық межеге негізделген. Бұл әдістемеде жалақының мөлшері жұмыстың күрделілігі мен көлеміне, сипатына байланысты болады. Еңбекақының екінші бөлігі — бонустар. Ол жыл сайын тиімді қызметкерлерге олардың қызметтерін бағалаудың қорытындысы бойынша төленеді.
Келесі жылы Елбасының тапсырмасы бойынша бұл жүйенің апробациясы Агенттік пен Астана қаласы әкімдігінің негізінде жүргізіледі. Келешекте сәтті пилоттық апробация басқа да мемлекеттік органдарға таратылады.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Агенттік басшысы Қоғамдық кеңес мүшелеріне қызметкерлерді әлеуметтік қамсыздандыру, меритократия қағидаттарын күшейту және іріктеу тәртібінің ашықтығы, алмасушылық пен ауылдардағы кадрлардың тапшылығы, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру және өңірлерде штат санының әркелкі бөлінісі, кадрлардың ротациясы сұрақтары бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Айта кетейік, қоғамдық кеңестің құрылған күнінен бастап, Қоғамдық кеңеспен мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларын реттейтін маңызды 22 нормативтік құқықтық актілер жобасы келісілген.
Айқара Ғұмар
Фото nur.kz сайтынан алынған