Жарнама
Жаңалықтар

ЖАҚСЫ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСЫ

БҰҰ Бас ассамблеясы 2010 жылдан бастап «Наурыз халықаралық мерекесi» қарарын бiрауыздан қабылдап, бағзыдан келе жатқан мерекенi атап өту күнiн 21 наурызға белгiледі.

21 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, күн мен түннің теңелу кезі. Бұл біздің Жаңа жылымыз, ұлттық мейрамымыз. Бүкіл түркі жұртына ортақ халықаралық мейрам. Оны Қазақ елі 21, 22, 23 наурызда, үш күн бойы тойлайтын болды.

Бұл – батыс жұртшылығы үшін көнеден қалыптасқан мереке. Амал – мал тұяғы көкке, адам аузы аққа ілінген, жер бусанып, қар еріген шақ. Бұл күні көпшілік құшақтарын айқастырып, бір-бірімен қол алысады, төс түйістіреді.

Қарттар Көрісу мейрамын айдың толуымен байланыстырады. Ертеректе 14 наурыз – айдың бір жаңасы деп есептелген. Дегенмен, ғалымдар арасында қазіргі күні түрлі пікірлер айтылып келеді. Бірі бұл Оңтүстік Сібір түркілерінен келе жатқан дәстүр десе, тағы бірі Григорян күнтізбесіне енгізілген өзгеріспен байланыстырады. Кейбір деректер бойынша, мұны Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша көрісу (яғни, қауышу) күні деп атайды. Қалай болған күнде де, бұл салт иманға, жақсылыққа негізделген.

Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындалып қойған дастарханын жаяды. Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттілерін үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді.

Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Міндетті түрде әр адам үш үйдің есігін ашу керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі керек. Кішкентай балаларға аналары шағын сый-сияпат ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден пакетіне салып алады. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Біздің Атырау аймағында да осы күні жылда ерекше бір көңіл-күй, қарбалас болады. Ересек адамдар бір-біріне, ал, бала-шағалар әр үйге кіріп, көрісіп, құттықтасып жатады. Тек келіндер аталарына және қайын ағаларына көрісуге болмайды. Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер жағы да құшақтасып, беттерінен сүйіп, көрісіп жатады.

Осы көрісу дәстүрі тек батыс облыстарда ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болғанға ұқсайды.

Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, «жаңа күн» деген сөз екен. Жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел де бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар»  деген.

Жалпы, көрісу дәстүрі еліміздің батыс аймақтарында ғана емес, барлық жерлерде де болған, тек бертін келе халық ұмытып кеткен, отаршыл саясат ұмыттыруға тырысқан.

ХХ ғасырда ел шұбырған аумалы-төкпелi заманда сан қазына түбiрiмен құрып, ұмытылған. Бірақ, біздің ата-бабаларымыз бұл көрісу сияқты жақсы салт-дәстүрді сақтап қалған.

Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi жұрт тоғыс атаған. Наурыз айында тоғыстың келетін тұсы да осы күндермен тұспа-тұс екен. Халық сенімінде 14-інен 15-іне қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен. 15-i күнi халық қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген екен. Келе жатқан Жаңа жылымыз – Наурыз құтты болсын! 14 наурыздан көрісуді ұмытпайық!

Ермек Биғалиев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button