Жайық суы 20 сәуірде ең көп мөлшерде тасиды

39efb7ae b099 44ec a36e 18125e627543 e1712246549325 Жаңалықтар

Биыл көктемгі су тасқынына байланысты Жайық та табиғи «мінезін» көрсетеді. Сала мамандарының болжамы бойынша, өзендегі су тасқыны 20-25 сәуірде ең көп мөлшерде тасуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев жедел штаб алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.

–Жайық өзеніндегі судың өзіндік қозғалу жылдамдығы бар. Жаз, күз және қыста су ағысы 5 км/сағат жылдамдықпен қозғалса, көктемгі су тасқыны кезінде бұл көрсеткіш 10 км/сағатты құрайды. Атырау қаласынан Иректі су қоймасына дейінгі аралық – 1700 шақырым. Осы цифрлар есепке алына отырып, 20-25 сәуірде Атырауда Жайықтың су тасқыны тым көбейеді деген болжам жасалды. Сонымен қатар Ресейдегі Орынбор, көршілес Батыс Қазақстан облысындағы өзендерде бүгінге дейін мұз қатып жатқанын ескеру маңызды. Қазір өзендегі су қозғалысы әлі басталған жоқ. Дегенмен тасқын кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Соған сәйкес қазір Жайық жағалауларын бекіту, бөгет орнату жұмыстарын үздіксіз атқару қолға алынды. Нақты осы елді мекенге қауіп төніп тұр деп бөліп-жаруға да болмайды. Себебі биылғы тасқынның қарқыны қатты. Соны ескеріп, тасқынға қарсы тұру жұмыстарын қазірден бастап жүйелі атқарып, екі аптаның ішінде сақадай сай тұру керек, – деді Жасұлан Бисембиев.

Айта кету керек, кеше облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тәжірибелі кәсіби сарапшылар мен сала ардагерлерімен кездесуінде Жайық өзеніндегі тасқынға байланысты бірқатар мәлімет алынып, өзеннің жағалауларына қатысты нақты карта жасақталған болатын. Бүгінде Атырау қаласындағы жағалауларды бекіту жұмыстарына еріктілер шақырылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барша атыраулық осы ортақ іске жұмылып, сын сағаттағы қауіп-қатердің алдын алуға бейжай қарамаса игі.

Қазірдің өзінде Атырау қаласындағы «Атырау», «Рембаза» шағынаудандары, Алмалы, Еркінқала, Дамбы, Атырау, Қайыршақты ауылдық округтерінде жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті және видеоны түсірген автор

Облыс әкімінің орынбасары мәлімдеген осы және өзге де ақпараттардың толық нұсқасы төмендегі сілтемеде көрсетілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз