Жайық ең жоғары шегіне көтеріледі
Бірер күнде Атырауда Жайық өзенінің деңгейі жақын күндері ең жоғары шегіне дейін көтеріледі деп күтілуде. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәлімдеді, — деп хабарлайды өңірдің төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы.
-Атырау облысында тасқынмен күрес жағдайы әлі де күрделі болып тұр. Қазір Жайық өзенінің негізгі суы біздің аймақтың аумағына кірді. Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласындағы гидропункттерде судың өсу көрсеткіштері байқалуда. Индер ауданы мен Махамбет ауданында су деңгейі қауіпті межеден асып кетті. Бірақ салынған бөгеттер әзірге елімекендерді су басудан қорғап тұр. Кеше ғана Индер ауданында ескі құбырлар арқылы судың елдімекен ішіне кіруі орын алды. Алайда дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде судың негізгі бөлігін тоқтататындай мүмкіндік болды. Қазір Индер ауданында бөгеттер қалыпты деңгейде, — деді Жасұлан Бисембиев.
Айта кету керек, Атырау қаласында жалпы көлемі 250 шақырымнан астам бөгеттер соғылды. Дегенмен қазіргі таңда Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай ауылдары қауіпті аймақ ретінде қалып отыр. Осыған байланысты қала көлемінде бөгеттердің бойында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылуда. Осындай кезекшіліктің жұмысы Махамбет, Индер аудандарында да жалғасуда.