Жарнама
ЖаңалықтарБілім

«Жайлы мектеп»: Жайлылық пен тиімділік

Республика бойынша оқушы орындары жетіспейтін 20 аймақтың ішінде он үшінші орындағы Атырау облысында жыл басында 25 мыңға жуық орын тапшылығы бары белгілі болған еді. Елімізде биылдан бастап жүзеге аса бастаған «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Атап айтқанда, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды және орта білім беру мекемелеріндегі оқушы орындарының тапшылығын жоюды көздейді.

Бұған дейін біз газет бетінде облыс бойынша 2023-2025 жылдар аралығында 12 «жайлы мектеп» салынатынын айтқан едік. Бұл бір ауысымда 12,4 мың жаңа оқушы орнын (екі ауысымда – 24,8 мың орын) ашуға мүмкіндік береді.

Биыл облыста басталған бір ауысымда 7800 орынға шақталған 9 мектептің құрылысы жоспарға сәйкес 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деген болжам бар. Ал, 3 жайлы мектептің құрылысы жаз шыға басталып, 2025 жылы аяқталады. Осы арқылы бір ауысымда 4600, яғни екі ауысымда 9200 оқушы орны ашылмақ.

9b0d34a4 a95d 4bf1 916c 4d2ab580052c

Құрылыс жұмыстарына тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның қоғаммен байланыс бөлімінің жетекші маманы Ақмарал Еспенбетова «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста салынып жатқан 9 мектептің орналасқан жері, мердігерлер мен жобалаушылардың тізімін ұсынды. Белгілі болғаны, қаладағы «Жұлдыз-2», «Жұлдыз-3» шағынаудандары мен Ақсай-2 ауылынан салынып жатқан 900 орындық мектептің мердігері – «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС, жобалаушысы – «Конструктив-А» ЖШС.

Сарыөзек ауылынан салынып жатқан 300 орындық мектептің мердігері – «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС, жобалаушысы – «АРХИпелаг» ЖШС. Ал, Береке ауылынан салынып жатқан 1200 орындық мектеп құрылысына «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС мердігерлік етіп, жобасын «А Строй Проект» ЖШС жасапты.

Водниково ауылы мен Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан салынатын 1200 орындық мектеп құрылысының мердігері – «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС, жобалаушысы – «Tortay Engineering Co» ЖШС.

f0bf98bd 5a9f 4f52 9716 ce55dbaa7cf9

Құрылысына «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС мердігерлік ететін 600 орындық мектеп Құрманғазы ауданындағы Ақкөл және Құрманғазы ауылдарынан салынып жатса, жобасын «Archiline LTD» ЖШС жасақтаған.

Ал, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылындағы 600 орындық, қаладағы «Зарослый», «Самал» шағынауданынан құрылысы басталатын 2 мың оқушыға арналған «жайлы мектептердің» мердігерлері келесі жылы байқау нәтижесінде анықталып, құрылысы басталмақшы.

Қазір мердігерлер жер телімдерін қоршау, бейнебақылау камераларын орнату, құрылыс техникасын жұмылдыру, инженерлік-геологиялық із-дестіру, басқа да құрылысқа дайындық жұмыстарын тәмамдап жатыр. Бірақ әзірленіп жатқан мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтпейінше құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат жоқ.

Айта кету қажет, жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы білім беретін мектептердікінен 15-20 пайызға үлкенірек болады, сондай-ақ техникалық жарақтандыру үлесі 4 есеге ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Яғни, компьютерлер, интерактивті тақталар сияқты заман игіліктері көбірек болады.

– Жайлылық пен тиімділікті қамтамасыз ету үшін бастауыш сыныптар, орта және жоғары буын оқушылары үшін дербес блок жасалады. Демек олар бөлек есіктен кіріп-шығып, асхана мен спортзалы да бөлек болады. Осылайша, мектепішілік кеңістік ыңғайлы болып, оқушылар бір-біріне кедергі келтірмейді, буллинг азаяды деп болжап отырмыз. Мақсат – оқушылардың ең қолайлы жағдайда сапалы білім алуын қамтамасыз ету, — деді компанияның жетекші маманы Ақмарал Еспенбетова.

Қолданыстағы стандарт бойынша мектептерге кіреберіс жол екі жағынан қамтамасыз етілуі тиіс, ал компания ені кемінде 6 метрлік кірме жолдарды төрт жақтан да салуды жоспарлап отыр. Біріншіден, ыңғайлы, екіншіден, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ертеңгілік ата-аналар балаларын мектепке әкелгенде көлік кептелісі болмас үшін автотұрақтар кең әрі көп болады. Аялдамалар, бағдаршамдар, жүргіншілер жолағы мен жылдамдық бәсеңдеткіштер де орнатылады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button