«Жайдарман» көрерменмен қайта қауышты
Бар жанарды жаулаған Жайдарман ойыны көрерменмен қайта қауышты. Ұзақ үзілістен кейін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Жайдарман ойынының «Маусымашар-2024» фестивалі өтті.
Көрерменнің аталмыш ойынды сағынғандары толассыз соғылған қошемет пен залда ине шаншыр орын болмағанынан айқын көрінді.
Облыстық Жайдарман ойындарының редакторы, «Қазақстан КТК Одағы» РЖҚБ Атырау облыстық филиалының директоры Ернар Сакуповтың айтуынша, биыл фестивальге өңір бойынша 40-қа жуық команда тіркелген. Командалар арасында редакторлық жұмыстар жүргізіліп, 12 команда гала-концертке жолдама алды.
– Биыл маусымашар фестивалі облыстағы төтенше жағдайларға байланысты уақытынан кеш басталса да жаңалықтар жоқ емес. Атап айтар болсақ, Премьер лиганың атауы «Жас толқын» болып өзгертілді. Оған қоса жоғарғы лигада командалардың өз тәлімгерлері болады. Тәлімгер финалға қай команданың өтетінін өзі шешіп, ақтық сында бірге өнер көрсетеді. Фестивльге дейін облысқа қарасты жеті ауданда «Атырау КТК» филиалының редакторы Жасұлан Сапаровпен бірге аралап, командаларға түсінік жұмыстарын жүргізіп, маусымға шақырған болатынбыз. Сондықтан биылғы маусым жаңа әрі жас командалармен толықты. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, болам деген баланың бетін қақпай белін буып, баулып жіберу негізгі мақсатымыз, — деді Ернар Сакупов.
Фестивальде командалар соңғы жаңалықтарды қағытпа қалжыңмен жеткізіп, өзекті мәселелерді астарлы әзілмен көрсеткен.
–Жайдарманның тұрақты көрермені ретінде маусымның ашылғаны үшін қуаныштымын. Бүгінгі ойынға қарап, командалардың деңгейі мен көрермен мәдениетінің қалыптасқанын көруге болады. Маусым құтты болсын! Жайдарман жасай берсін,- деді көрермен Назерке Асылбекова.
Айта кетейік, биылғы маусымның тақырыбы «Саналы» деп аталған. Гала- концертте Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық селосы, Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектебінің «Тұщықұдық» құрамасы, Мақат ауданы, Доссор кентінің «Идеал» құрамасы, Атырау қаласы, еркін құрама – «Асабалар» құрамасы, Атырау облыстық Жоғары лига ойындарының 2023 жылғы Вице-чемпионы, 2022 жылғы облыстық Премьер лига чемпионы, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылының «Жаңа байлық», Құрманғазы ауданы, Бөкейхан ауылы, Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектебінің – «Ханның балалары» құрамасы, сондай-ақ Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылының «Теңіз жастары» командасы, 2023 жылғы Атырау облыстық Премьер лигасының вице чемпиондары, Исатай ауданы, Хамит Ерғалиев ауылының «Әжесінің балдары» құрамасы және 2023 жылғы Атырау облыстық Премьер лигасының 3 орын жеңімпаздары, Атырау қаласы, №28 орта мектебінің – «Q-елі»құрамасы, республикалық Номадлигасының қатысушылар, еркін құрама «Орта», 2024 жылғы республикалық Чемпиондар лигасының қатысушылары, 2023 жылғы Атырау облыстық Жоғары лигасының вице чемпионы, Мақат ауданы, Доссор кентінің «Доссор» командасы, 2023 жылғы Атырау облыстық жоғары лигасының финалистері, Атырау қаласы, Еркінқала ауылының «Еркінқала» және 2023 жылғы Республикалық Батыс НомадЛигасы және Атырау облыстық жоғары лигасының чемпиондары «Геолог» құрамалары өнер көрсетті.
Жайна МӘЛІМҚОЖА