ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ЖАНҰЯ
Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева қатысып, сөз сөйледі. Төрайым отбасының қай кезден бала тәрбиесіне игі әсері мен оң ықпалы болатыны жайында кеңінен әңгімеледі. Қоғамның ажырамас бөлігі саналатын шаңырақта қаншама озық дәстүр мен жағымды үлгі-өнеге қалыптасып, ұрпақ тәлімді тәрбие алды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеттің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Жәутіков сөз сөйлеп, аталған университеттің профессоры Роза Қаражігітова баяндама жасаса, доцент Айдар Сабыр, теолог, дінтанушы, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының директоры Қанат Жұмағұл сөз сөйледі. Ал, университет медиаорталығының жас тілшілері жүргізген отбасы туралы сұхбат сондай әдемі де әсерлі шықты.
Сондай-ақ, төрт секцияға бөлініп жүргізілген жұмыс қорытындысымен университеттің педагогика және психология кафедрасының профессоры Сәлима Нұрмұхашева таныстырды. Сәлима Қайыржанқызының айтуынша, секция жұмысына қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келген. Олар жасаған баяндама мен жұмыстың мәні терең, тақырыпты толық ашқан. Төрт секцияда сөз болған «Дәстүрлі отбасын қалыптастырудағы ұлттық құндылықтар және оның ғылыми-теориялық мәселелері», «Дәстүрлі отбасын қалыптастырудағы білім мен тәрбиенің рөлі», «Болашақ ата-ананың жанұяда қалыптасуы және отбасындағы рухани-өнегелік құндылықтар – адамның тұлғалық қасиетінің қалыптасуына әсер етуші фактор», «Отбасылық дәстүрге діни наным-сенімдердің әсері» атты тақырыптық баяндамалар конференцияның арнайы шығарылған жинағына енді.
Ал, баяндама авторларына облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Айгүл Әжіғалиева салтанатты жағдайда сертификат табыс етті.
Лиза СЕЙТІМОВА.