Жадтағы ұлттың коды – жалғыз иммунитет
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын бір деммен оқып шықтым. Түйсігінде патриотизм деген ұғым дұрыс қалыптасқан әрбір қазақ үшін құндылығы жоғары еңбек дер едім.
Жаһанға ашқан қақпаңнан замананың небір сұмдығы бітім-болмысымызды басқыншылықпен жаулап алып жатқаны ақиқат. Оның үстіне даласындай далиған қазақтың еліктегіш-ермелік қасиеті бар. Мақалада мынадай жолдар бар: «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз». Рас қой. Бар нәубетке қарсы тұрар жалғыз күш – Ұлы Дала қазақтарының ұлттық коды. Кез келген ұлттың рухани ашаршылығының басты иммунитеті де – сол.
Саяси, экономикалық жаңғырулардан бөлек ұлттық болмыстың жаңғыруы ең маңызды орында болуы тиіс. Ұлттың баға жетпес қазынасы тарихы, тілі, дәстүрі, діні мен аса бай әдеби-мәдени мұрасын болашаққа ала кетіп, қанға біткен кемшін-керітартпа тұстарын (рушылдық, шашпалық, еліктеушілік, даңғойлық, еріншектік т.б) өткен күннің табалдырығында қалдыру. Онсыз мына алып процеске жұтылып кету қаупі бар. Елбасы өз мақаласында осыны жіліктеп, соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп беріп отыр.
Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу, әлемнің 100 үздік оқулығын тәржімалап ұсыну, «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларының қажеттілігі туралы ойлардың арқалап тұрған жүгі ауыр. Оның бір дәлелі – ел болып қуанып отырған, енді іске асырылғалы жатқан Хан Ордалы Сарайшықты қалпына келтіру жұмыстары. Қазақ үшін киелі саналған ұғымнан келешекте де бас тартпайтынымызды баса айтқан бұл мақаланың халық жүрегіне үлкен жолдар торабында үміт ұялататынын айтқым келеді.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА,
ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.