Жаңғыртудың жаңа лебі
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «Қазпошта» акционерлік қоғамы да клиенттерге көрсетілетін қызмет қағидаттарын түбегейлі өзгертіп, жаңғырту жұмыстарын қолға алған-ды.
Қазіргі таңда республикамызда 100-ге тарта бөлімше аталған жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жаңғыртудан өткізіліп, жаңартылған бөлімшелер бірнеше залға (қаржылық операциялар қызметі, пошта байланысы, клиенттердің күту бөлмесі, т.б.) бөлінген. Соған сай жеке тұлғаларға арналған операциялық зал мен корпоративтік клиенттер үшін қызмет көрсету, сондай-ақ, сәлемдемелер супермаркеті, өзіне өзі қызмет қылу және айырбастау пункттері іске қосылған. Сол сияқты, мұнда постамат, банкомат пен төлем терминалы, айырбастау пункті жұмыс жасайды. Сайып келгенде, осының бәрі әрбір қызмет түрін атқаруға кететін уақытты айтарлықтай қысқартып, компанияның қаржылық шығындарын мейлінше азайтып, үнемдеуге жол ашады. Пошталық, қаржылық және логистикалық қызмет түрлерін жетілдіріп, сервистік деңгейге көтереді.
Журналистерді жаңғырту жұмыстарының барысындағы осындай жағымды жаңалықтардан хабардар еткен «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан Өтепбаев мұндай жұмыстардың өңірімізде де сәтті басталып, жүйелі жалғасып жатқандығын баяндады. Оның айтуынша, қазірде жөндеу жұмыстары қолға алын-ған қаланың Абай көшесі, №6 үйінде орналасқан орталық қызмет көрсету бөлімшесінен бөлек №7 (Абай, 21), №5 («Ағила» сауда орталығына қарсы) және №3 («Тұрғын үй қалашығы» м/а) пошта байланысы бөлімшелеріне де жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа облыстағы төрт аудан (Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой, Исатай) орталығындағы бөлімшелер де кезегімен жаңғыртылатын болады. Одан әрі қалған аудан орталықтарын да қамту жоспарланған. Бір мәлім болғаны, алдағы 2017 жылдың өзінде республика көлемінде 300-ге жуық пошта байланысы бөлімшесі жөндеуден өткізіледі деп күтілуде.
Келесі кезекте алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоба-жоспарынан хабардар қылған Бауыржан Сапаргелді-ұлы БАҚ өкілдерін «Авангард-3» мөлтекауданында орналасқан, жаңаша жағдайдағы жұмыс режиміне көшкен №9 пошта байланысы бөлімшесіндегі қызмет түрлерімен, енгізілген жаңалықтармен таныстырды.
Дәл осы күні пошта байланысы қызметінде пайдаланылатын 8 бірлік арнаулы көлік те салтанатты түрде иелеріне табысталды. Осыған орайластырылған рәсімге Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи қатысып, пошташыларды Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен және бүгінгі қуаныштарымен құттықтады. – Бәріңізді ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Халыққа қызмет көрсететін компаниялардың арасында сіздер жұртқа ең жақынысыздар. Өйткені, тұрғындармен күнделікті байланыс жасай отырып, олардың талап-тілегін, тапсырысын орындап, келген хат-хабарламалары мен сәлемдемелерін жеткізесіздер. Сол себепті де сіздерге жүктелген міндет жүгі ауқымды, халықтың сенімі мен құрметі зор, жұмыстарыңыздың жауапкершілігі мол, болашақта да қажетті және сұранысқа ие қызмет түрі болып қала беретіндігі күмәнсіз. Еңбектеріңізге табыс, игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, — деді Мейірім Жоламанұлы. Жиналыста әріптестерін құттықтаған «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Бауыржан Өтепбаев республика бойынша осындай 40 бірлік көлік пен техника бөлініп отырғандығын, олардың барлығы да біртіндеп тапсырылатынын мәлімдеді.
Дәулетқали Аруев
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Құрметті қазақстандықтар және Атырау облысы тұрғындары!
Қазақстан Республикасының 25 жылдығы шын мәнінде біздің еліміз бен халқымыздың тарихындағы маңызды оқиға саналады. Ол – Ұлы Дала елінің өшпес жылнамасының лайықты парағы.
2016 жыл – Қазақстан Республикасының әр азаматының өміріндегі аса маңызды оқиға. Біз аса құрметті Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа туғызып отырған жайлы жағдайы мен мол мүмкіндігі нәтижесінде осы мерейлі мерекені бейбітшілік пен өзара түсіністік, жарқын келешекке деген зор сенім жағдайында тойлап отырмыз. Біз – еліміз қол жеткізген толағай табыстың бір бөлшегіміз. Біз – өскелең уақытпен бірге адымдаған, тіпті одан да озған әрі жас, әрі тәуелсіз елміз.
Қазіргі заманғы қазақстандық пошта қызметі заман талабына сай жұмыс жасап, дамып, жаңарып келеді. Бүгінде «Қазпошта» АҚ тек пошта ғана емес, сонымен қатар, қаржылық және агенттік қызметтерді де көрсетеді. Біз тұтынушыларға барлық жағдай туғызуға тырысамыз. Осыған орай қызметіміз жаңа сапалық даму деңгейіне көтерілуде. Біз бөлімшелерімізді қазіргі заманғы техникамен қамтамасыз етудеміз, жаңа ақпараттық технология мен автоматты жүйені енгізудеміз. Мұның бәрі, сөз жоқ, қызметкерлеріміздің тұтынушылардың тілегін толық қанағаттандыруға оң септігін тигізеді. Аймақтың әр тұрғыны «Қазпошта» АҚ-ның қызметіне разылық танытуы үшін жұмыс сапасын ұдайы арттыруға тырысамыз.
Шындығында, «Қазпошта» АҚ әркез жаныңызда. Біздің қолжетімділігіміз республиканың шалғай аймақтарын да қамтиды. Қайда болсаңыз да бізді таба аласыз және қызметкерлеріміз Сізге қызмет көрсетуге дайын. Біз Сіздің үйіңізге хат-хабар ғана емес, өзіміздің Сізге деген құрметіміз бен ыстық ықыласымызды әкелетінімізге сенімдіміз.
Қазақстан Тәуелсіздігі күні баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймыз! Бірлігіміз бен тұтастығымыздың, патриоттық пен төзімділіктің, ілгері ұмтылушылық пен сенімділіктің нәтижесінде біз қазіргіден де бақытты, бейбітшілік сүйгіш және қарышты дамушы ел атанамыз. Ал, біз өз тұтынушыларымызды бақытты етуге, тәуелсіз мемлекетіміз бен оның әр азаматына қызмет етуге дайынбыз.
Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс пен үлкен жеңістер тілейміз. Сіздердің жүректеріңіз қалтқысыз сезімге, жақсылық пен бақытқа ай-қара ашық болсын!
«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы ұжымы.