Жарнама
Жаңалықтар

Жақында Исатай ауданында жылқы малының жаппай қырылу жағдайы орын алды

Мәселенің мән-жайын білу мақсатымен Өңірлік коммуникациялар қызметіне хабарласқанымызда, оның жетекшісі Серік Ерментаев бізге былай деді:

– Таяуда  Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Айбас елді мекенінде осындай оқиғаның орын алғандығы туралы хабар келіп түсті. Осыған орай облыстық деңгейде жүргізілген малдәрігерлік сараптама жұмыстарының нәтижесінде, далада жайылып жүрген жылқылардың жұқпалы сақау (мыт) ауруына шалдығып, соның салдарынан өлгендігі (барлығы 96 бас)  анықталған. Жалпы алғанда, сараптамамен қамтылған 234 бас Қамбар ата түлігінің ағзасында сақау ауруының қоздырғышы барына көз жеткізілген. Аман қалған 138-іне емдеу шаралары жүргізіліп, мал дәрігерлері мен мамандардың бақылауына алынды. Атап айтқанда, ауру белгісі байқалған мал оқшауланып, симптоматикалық емдеу жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта мұнда арнаулы комиссия жұмысын жалғастыруда.

c6b0985d31cd

Ал, салаға бірден-бір жауапты құрылым – «Исатай аудандық аумақтық ветеринариялық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Исламғали Мардашевтың мәлімдеуінше, бұл аса қауіпті ауруға жатпайды. Сақау ауруы бұдан бұрынырақ та кездескен. Бірақ, одан осынша малдың өлімге ұшырау дерегі бірінші рет тіркеліп отыр. Аудандық әкімдіктің жанынан жұмыс тобы құрылып, ауру  ошағына айналған Айбас учаскесі толықтай бақылауға алынды. Жергілікті ветеринар мамандар мал иелерімен бірлесіп ауру жылқыларды оқшаулап, симптоматикалық емдеу шараларына кірісті. Қажетті дәрі-дәрмекті мал иелерінің өздері сатып алады. Ауылдық округ әкімінің шешімімен бұл аумақта уақытша шектеу режимі енгізілді.

Бруцеллез белең алмасын

Қызылқоға ауданында  мал  бруцеллез дертіне шалдықты ма? Оның арзан бағамен  сатылып жатқаны рас па?

Бұл жайдың қаншалықты шындыққа жанасатынына көз жеткізу үшін аудан әкімі Мақсот Мұқановпен телефон арқылы тілдескенбіз.

– Анығын айтқанда, сатылып жатқаны – бруцеллезбен ауырған емес, осы ауруға бейімі бар мал. Ол әдеттегіше лабораториялық зерттеу жолымен айқындалады. Осылайша, биылдың өзінде тұрғындардың жеке қожалығындағы 300-ден астам мүйізді ірі қара және 1600-ге жуық қой Атырау, Орал қалаларындағы ет комбинаттарына апарып (базар нарқынан гөрі арзандатылған бағамен) тапсырылды.

Қаперге берер бір жайт, жүйелі жүргізілген зооветеринариялық шаралардың нәтижесінде ауданда ауруға шалдыққан, соның ішінде бруцеллез ауруына бейім малдың саны азайып келеді. Мәселен, 2009-2010 жылдармен салыстырғанда,  тексерілген түліктердің арасынан осы санатқа кіретін мүйізді ірі қараның  көрсеткіші  6-дан 1,7 және қой 3-тен 2,1 пайызға  төмендеген. Демек, бруцеллезге қарсы зертханалық тексерістен өткен әр 100 бас малдың ішінен бірен-сараны ғана соған бейім деген сөз.

Аудан басшысының айтуынша, мұнда  түліктердің түрлі жұқпалы ауруларға ұшырауына немесе жұқтыруына жол бермеу шараларын атқаруға қажетті техника-жабдықтар жеткілікті, сатылатын малды тиісті жеріне тасымалдайтын арнаулы көліктер де бар. Қалай дегенде де мал арасында аурудың белең алып, тарап кетпеуі үшін бруцеллезге бейімдерін дер мезгілінде анықтап, жойып отырудың маңызы зор.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button