«Жаңартылған білімге – жаңашыл ұстаз»
Бүгінде елімізде орта білім беру саласы қарқынды жаңғыруда. Осы орайда қазіргі қоғамның талабына жауап беретін, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті және әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделетін азаматтарды тәрбиелеу маңызды. Бұл жөнінде ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өткен педагог қызметкерлерінің облыстық форумында айтылды. Аталған мектеп пен облыстық білім беру басқармасы жанындағы әдістемелік орталық ұйымдастырған жиынға аймақтың әр түкпірінен сала мамандары қатысты.
– Бүгінде жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы жаңа талаптарға сәйкес жалпы білім беретін барлық орта мектептер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дүние-жүзілік білім беру ұйымының апробациясынан өткен жаңартылған білім беру мазмұнына көшу үстінде. Осы жүйеде белгіленген талап үдесінен шығуда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін тарату арқылы аймақтағы мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін арттыру мақсаты алға қойылды. Үздік инновациялық тәжірибелермен бөлісіп, зерделеудің маңызы зор, — деді білім ордасының директоры Айдарбек Айтбөкешов.
Мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыруда облыстың педагогикалық қауымдастығының мәдени-кәсіби құндылықтарын бекіту және дамытуға жағдай жасау қажет. Сондай-ақ, педагогикалық бастамаларды қолдап, позитивті білім беру практикаларын анықтау және таратуға мұрындық болған жөн. Инновациялық қызмет идеялары мен тәжірибені жинақтауда педагогикалық қауымдастықтың қызметін бірік-тіру де – алға қойылған міндет-тің бірі. Бұл ретте форумға қатысушыларға кәсіби қарым-қатынас аясын кеңейтіп, рефлексивті икемдерін дамытуға мүмкіндіктер берілді.
Бірнеше кезеңде жүзеге асқан форумда алдымен жалпы білім беретін мектеп пен Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімдері бірлесіп, жұптық негізде, командалық «team teaching» әдісі бойынша ашық сабақтар өткізді. Педагогтар өткізген сабақтарын талдау арқылы әлсіз және мықты тұстарына сараптама жүргізді. Форум аясында шеберлік сыныптары мен кездесулер ұйымдастырылып, мерекелік концерт өтті. Қатысушылар тәжірибе алмасуда түйген ойларымен бөлісті.
Айнұр ИСАҒАЛИЕВА,үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназиясының шебер педагогы:
– Мұғалім сыныпта балаға білімді беріп қоймай, оқушының оны өмірде пайдалана білуін қамтамасыз ету қажет. Өзі сабақ беретін пәнін жетік білуі маңызды. Сондай-ақ, баланы оқыту мен тәрбиелеудің заманауи әдіс-тәсілдерін терең меңгерген шебер ұстаз болғаны жөн. Ұстаз қашан да шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек. Заман ағымына сай қаруланған, ой өрісі жоғары, үздіксіз ізденісте жүретін жаңашыл маман болуға тиіс. Бұл – бүгінгі уақыт талабы. Осы жолда талмай ізденіп, кәсіби біліктілікті арттырып, шебер педагог мәртебесіне қол жеткізуім ұрпақ тәрбиесіндегі қызметімнің нәтижелілігі деп білемін.
Өтеуғали ДҮЙСӘЛІ, ҚР Білім беру ісінің үздігі:
– Бүгінде педагогтардан үлкен ізденіс талап етіледі. Олардың жоғарғы оқу орнында алған білімінен бөлек, жаңартылған мазмұнға байланысты бірқатар курстардан өтуі аса қажет. Сондай-ақ, халықаралық білім стандарттарына негізделген Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибелерімен оқыту – заман талабы. Оны шалғайдағы мектептердің оқыту жүйесіне енгізу үшін бүгінгі форумға Қызылқоға ауданынан 15 педагог қатысты. Олар аталған білім ордасынан меңгерген тәжірибелерін кейін өз мектептерінің қызметкерлеріне үйретеді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ