Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Жаңалығы көп жобалар

Атырауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 8 мектеп, 20 балабақша салынады. Қазір тоғыз мектепке дейінгі білім беру ұйымының жобалық-сметалық құжаттары сараптамаға жіберілген. Он балабақша сенімгерлік басқаруға ұсынылып, кәсіпкерлер іздестірілуде. Бұл орайда, балабақшаның ішкі басқару жұмыстарымен жеке кәсіпкер айналысқанымен, нысан мемлекеттің меншігінде екенін ескерген жөн. 

балабакша тиф

Жалпы, Атырауда аталған әріптестік аясында 24 нысан сенімгерлік басқаруға беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи мәлімдеді. Атап айтқанда, әріптестік аясында Атырау қаласының аумағында мың көрерменге арналған жеңіл атлетика манежі салынады. Әуежай мен автобекет алдындағы көлік тұрақтары заманауи үлгіде қайта жөнделіп, «ақылы паркинг» қызметі көрсетілетін болады. Атырау қаласындағы көлік нөпірі көп қиылыстарға 11 бағдаршам орнатылады.

Сондай-ақ, Владимирский, Тайманов, Баймұханов секілді кеңейтілген көшелерге жаңадан жеті аялдама қондыру жоспарланып отыр. Қазіргі заманғы «WiFi» желісі, бейнекамералары бар аялдамаларда дүкен, дәріхана және басқа да қызмет көрсету орталықтары орналаспақ. Облыс орталығындағы алпыс көше заманауи құралдармен жабдықталады. Қазір 192 көшеге жарық шамдарын орнату жоспары бекітілген. Оның 187-сіжаңа көшелер. Ал, қалған бес көшенің жарық жүйесі қайта жаңғыртылмақ. Қоғамдық орындарға 776 бейне және фотобақылау камералары орнатылады. Мейірім Жоламанұлы мұның бірқатар бұзақылық әрекеттердің алдын алуға септігі мол екендігіне сендірді.

камера тиф

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынып жатқан мұндай жобалар әзірге еліміздің өзге қаласында жоқ, — деді ол. – Алғаш рет Атырауда жүзеге асырылмақшы. Сондықтан, бұл әріптестіктен үлкен үміт күтеміз. Біздің тарапымыздан барлық қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Республикада «Қазақстанның мемлекеттік- жекеменшік әріптестік орталығы» жұмыс жасайды. Соның ресми сайтынан Атырауда жүзеге асатын жобалармен толық танысуға болады. Оларды іске асыру жолдары егжей-тегжейлі көрсетілген. Өзінің бизнес-жоспарымен таныстырамын деген кәсіпкерлер болса, қолдауға дайынбыз. Алайда, Атырауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке әлі де қызығушылық төмен деңгейде қалып отыр.

Ал, қаланың оң жақ жағалауына бірегей кәріздік тазалау жүйесі орналаспақ. Әріптестік негізде қаланы көгалдандыру жұмыстары да қолға алынып, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені салынады. Алдағы уақытта ретро-саябақты да сенімгерлік басқаруға өткізу жоспарлануда.

коллаж алеумет тиф

Келесі жоба – мектеп ауласына спорт алаңын салу. Әзірге бұл бағытта бес білім беру ұйымы таңдап алыныпты. Бірақ, спорт кешені күндізгі уақытта тек оқушыларға ғана қызмет көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, бірнеше білім беру мекемесі жаңа жарық үнемдейтін құрылғылармен жабдықталады деп күтілуде. Қазір бес мектептің асханасын да сенімгерлік басқаруға беру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұрын бизнес өкілдері оны бір жылға алып, келесі жылы тағы да тендерге қатысатын. Оны екінші рет ұтып алу оңай емес еді. Бұдан былай сенімгерлік басқаруға ие болған кәсіпкер үш, бес және жеті жылға дейін алаңсыз пайдалана алады.

Бір ескеретін жайт, әріптестік шеңберіндегі нысандар екі жолмен сенімгерлік басқаруға беріледі. Біріншісі – мемлекеттің бастамасымен,  екіншісі – кәсіпкердің жеке ұсынысымен.

Амандық Сағынтайұлы

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button