Жаңалықтар

Жағалау бөгеті сенімді ме?

Бастауын Орал тауының 600 метр биігіндегі оңтүстік-батыс сілемдерінен алып, Еуразия құрлығын екіге бөліп жатқан Жайық өзенінен келер қауіп бар ма? Халықаралық маңызы бар су тоғаны мәртебесіндегі Қиғаш өзенінің тасу деңгейі жылдағыға қарағанда қандай болмақ? Су тасқынына елді мекендердің дайындығы, өзендер жағалауларын бекіту жұмыстары қалай ұйымдастырылуда? Қос өзеннен дүйім жұртты дүрбелеңге салар тосын мінез байқала ма?

Жагалау богети jpg

Ауа райын болжау орталығының мәліметі бойынша, Атырауға биыл ауқымы мол өр суы келмейді. Десек те, атқарушы мемлекеттік органдар жағдайды өз бақылауында ұстауға бекініп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев өткен бейсенбіде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб мүшелерімен бірге Жайық және Қиғаш өзендері жағалауындағы елді мекендердің көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді. Аймақта табиғи апатқа жол бермеу іс-шараларын пысықтап, құзырлы орындардың басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Өткен жылғы көктемгі өр суы  Құрманғазы ауданындағы Данай және Қаражар учаскелерінде тұрғызылған бөгетті шайып кеткен. Соған байланысты жағалауды бекіту жұмыстарына облыстық бюджеттен 47 млн. теңге бөлінді. Ал, биыл мұндай шараларды жүзеге асыру мақсатында  37 млн. теңге қаржы қарастырылды.

— Жергілікті бюджеттен бөлінген бұл қаржы бөгетті бекітіп, ретке келтіруге бағытталған. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шегетіндей жағдай болса, адамдарға резервтік қордан қосымша қаражат бөлінеді, —  деп атап өтті Сәлімжан Жұмашұлы.

Өр суы былтыр Дыңғызыл ауылдық округінде тұрғызылған бөгетті жарып кете жаздады. Бұл учаскеде жағалауды бекітуге  үлкен бөренелерді пайдалануға тура келген.

Аудан әкімінің орынбасары Жас-тілек Хасанов облыстық штаб мүшелеріне  осы  өңірдің әлсіздеу тұстарын көрсетіп, қолға алынып жатқан қорғаныс шараларынан хабардар етті. Оның айтуынша, осал учаскелердің жағалауын бекіту үшін екі экскаватор мен сегіз КамАЗ автокөлігі бөлініп, 36 тонна топырақ төгілген. Ауыл тұрғындары да бұл істен шет қалмай, жағалауды бекіту жұмыстарына көмектерін тигізген көрінеді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау   полковнигі Сағынбек Өмірзақовтың мәлімдеуінше, Құрманғазы ауданындағы  су тас-қыны қауіп төндіретін учаскелерде бөгетті жағалай бекіту жұмыстары толықтай аяқталған.

— Қазір Ресей Федерациясындағы Волгоград су қоймасынан секундына 8000 текше метр су жіберілуде. Оның көлемі алдағы күндері 27 000 текше метрге дейін жетеді деген болжам бар. Мұның өзі қалыпты норма мөлшері болып есептеледі, — деді ол.

Құрманғазы ауданында су тасқыны қаупін тудыратын ұзындығы 13,  жалпы  облыста 56 шақырымдық учаске бар. Мамандар тұрғындардың зәре-құтын қашырып, сай-саланы суға толтырар нөсер жауынның Қиғаш өзенінің тасуына ешқандай әсері болмайды деп сендіреді.

Төтенше жағдайлар департаментінің  бастығы С.Өмірзақов көрсеткен картаға сүйенсек, Атырау қаласындағы 16 учаскенің тасқын кезінде суда қалу қаупі бар деп есептеледі. Оның ішінде Өркен, Геолог, Геолог-1, Лесхоз секілді ықшамаудандар бар. Оның айтуынша, былтыр Атырауға арнайы келген шетелдік компаниялар өкілдері дренаж жүйесінің бірнеше нұсқаларын ұсынған екен.

— Біздің өңірге қолайлы нұсқа – голландық жобаны таңдадық. Сәтпаев көшесінде жүргізілген бұл жүйенің алғашқы нәтижесі көріне бастады. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. Бұған қосымша қаржы бөлінеді.  Аталған жобаны үш жыл ішінде жүзеге асыру көзделіп отыр, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сағынбек Өмірзақов.

Бақытжан Жұмат

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button