Ербол Тілешов: Жат жұртта жүрген 5 миллион қазақты латын әліпбиі біріктіреді
Қазақ әліпбиіндегі әріптерді 42 таңбадан неге 25 әріпке дейін түсіру ұсынылып отыр? Апостроф емес, диграфтардың таңдалып алу себебі неде? Жалпы, латын графикасына көшу мәселесінің мәні неде? Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан латын әліпбиінің Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұсынған жобаның маңызы жөнінде нені білуіміз керек? Осы және өзге де сұрақтарымызға аталмыш орталық басшысы, Парламентте ұсынылған әліпби жобасы авторларының бірі, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жауап берді.
Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, жаңа әліпби жобасы авторларының бірі:
Кирилл емлемізге икемсіз
— Латын графикасы тақырыбы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше рет көтеріліп келді. Десе де, әліпби ауыстыруды нақты қолға алу мәселесінің дәл қазіргі уақытта көтерілу себебі неде?
— Әліпби мәселесін тәуелсіздік елең-алаңында алғаш көтергендердің бірі академик Абдуали Хайдари еді. Сол кезеңде Түркі кеңесі жұмыс істеді. Аталған идея көтерілгелі бері, кеңес үздіксіз жұмыс істеп, түркі халықтарына ортақ болатындай етіп, 36 таңбадан тұратын әліпбидің жобасын ұсынды. Кейін Әзербайжан, Өзбекстан республикалары графика ауыстыру саясатын қолға алған кезде, біз айтып отырған ортақ түркі әліпбиінің жобасын негізге алды.
Ал, графикаға байланысты нақты қадамдардың қазір басталуының бірнеше себептері бар. Біріншіден, Қазақстан 25 жылда тәуелсіз республика ретінде толыққанды қалыптасу кезеңінен өтті. Әлемдік байланыстары орнығып, экономикалық негізі қаланды. Әлеуметтік құрылымы жасалды. Демек, мәдени, гуманитарлық салаға да бетбұрыс жасайтын уақыт жетті. Екіншіден, өз алдымызға дербес ту тіккен 25 жыл біздің әрі қарай кирилл әліпбиінде қала алмайтынымызды көрсетті. Себебі, кирилл таңбасы біздің жазуымызға да, емлемізге де икемсіз. Терминдердің орыс тілінде жазылып, орысша қабылдануы - орыс тілінің түсініктік аппаратының қазақ тіліне кірігуіне алып келді. Үшіншіден, кирилл әліпбиінде қалу арқылы, әлемдік технологияға ілесе алмайтындығымыз да байқалып қалды. Төртіншіден, қазір әлемде 200 миллионға жуық түркі халқы бар десек, ортақ кеңістік қалыптастыру мәселесі өткір тұр. Осы жағдайларды саралай келе, латын қарпіне көшу мәселесі көтеріліп отыр.
— Өзіңіз басшылық ететін институт қолданыстағы әліпбидегі 42 әріп ішінен не себепті 25 таңбаны іріктеп алды?
— Ең алдымен, біз латын әліпбиін дыбыстық жүйемізді сақтау үшін таңдап отырмыз. Ал, жалпы латын әліпбиінде 26 таңба бар. Соның ішінен біз қазақы жазуға сәйкес келетін 25 таңбаны және оған қосымша 8 диграф жасап шығару арқылы, тілдік нормадағы барлық дыбыстық ерекшеліктерді қамтыдық. Бірде бір дыбыс және оны білдіретін таңба ұмыт қалған жоқ. Демек, біз ұсынған әліпби жобасында жалпы саны 33 таңба бар.
Апостроф емес, диграф неге таңдалды?
— Сөзіңіз аузыңызда. Десе де, сіздер ұсынған диграфтардың таңбалануына қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Жалпы, таңдаудың ноқатқа емес, қос әріптілікке түсу себебін ашып айтып бере аласыз ба?
— Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылдан бастап, мемлекетті ұйымдастыру, басқару, іс қағаздарының толықтай қазақ тілінде жүзеге асатынын айтты. Бұл келешекте қазақтар ғана емес, еліміздегі барлық ұлттар, ұлыстар мемлекеттік тілге толықтай бетбұрыс жасайды деген сөз. Сол кезде халықтың ноқаты бар әліпбиді емес, өздері жақсы білетін латын графикасын қабылдайтыны белгілі. Оған қосымша мына жағдайды мысалға алайық. Маусым айында Астанада дүниежүзі қазақтарының Ү құрылтайы өткені белгілі. Сол құрылтайда шет мемлекеттерде тұратын 5 миллион қазақтың ортақ кеңістікте түсінісуі керектігі айтылды. Егер, біз ноқаты бар әліпбиді таңдасақ, графиканы Өзбекстанда тұратын қазақтар бір бөлек, Түркіменстанда тұратын қазақтар бір бөлек оқиды. Америка, Еуропада тұратын қазақтар да басқаша оқып, ортақ кеңістік, жүйе сақталмай қалады. Ал, біздің институт ұсынған жоба қабылданатын болса, әлемнің әр түкпіріндегі қазақтардың шын мәнісінде ортақ кеңістікте бірігуіне жол ашылады.
Диграфпен берудің екінші бір мәселесі – «Samsung, «Nokia», «Iphone» болсын, телефон атаулының жаңа толқынына қазақша шрифт салынып келмейді. Ноқаты бар шрифттер де болмайды. Осыдан кейін барып «аке», «аже» деп қате оқу басталады. Қазірдің өзінде қалтафонында қазақша ширфті жоқтар қазақша сөздерді қате жазып жүр. Осылайша, смс арқылы да қазақ тілін бүлдіріп жатырмыз. Демек, бұл жағдайлар бәрібір реттелуі тиіс.
Рас, диграфтың ноқаты бар таңбадан аздап қиындығы бар. Яғни, екі таңбадан бір дыбыс құрау керек болады. «Сaebiz» сөзінің жазылуын әзілге айналдырып жібергендерді де естіп жүрміз. Бірақ, барлық мәселеге кириллицаның, иә ағылшын әліпбиінің емес, қазақтың көзқарасымен қарауымыз керек.
20-дан астам ұсыныс, 1600-ге жуық пікір саралануда
— Десе де, институт ұсынған әліпби нұсқасы әзірге жоба ғана. Еліміздегі ғылыми қауымдастық қаншалықты бұл іске араласуда? Ұсыныстар, сын-пікір қаншалықты келіп түсуде? Және олар түпкілікті нұсқа қабылданарда қаншалықты ескеріледі?
— Жоба ресми таныстырылғаннан кейін, институтқа жиырмаға жуық әліпбидің нұсқасы келіп түсті. Оның ішінде жиырмасыншы жылдары қолданыста болған әліпби жобасын ұсынушылар, ғалымдар, әуесқойлар қағазға түсірген жобалар да бар. Ниеттің болғаны жақсы әрине. Бірақ, жобалардың кәсіби деңгейі әртүрлі. Десе де, барлық ұсыныстар сараланады. Мұның сыртында, біздің қолымызда қазір 1600 адамның пікірі бар. Оның өзін үшке бөліп қарастырудамыз. Біріншіден, әліпбидің мемлекеттік маңызы жөніндегі пікірлер. Яғни, әлеуметтік, мәдени, қоғамдық-саяси мәселесі. Екіншіден, жалпы әліпби жөніндегі пікірлер. Үшіншіден, нақты таңба, яғни, диграфқа байланысты пікірлер. Бұл мәселелер де көп ұзамай жұмыс тобының отырысында қаралады.
Айта кетейін, жұмысшы тобында қазір 16 адам бар. Олардың барлығы да ғылыми атаққа ие. Жұмысшы тобының тоқсан пайызы А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандарынан тұрады. Атап айтсақ, әліпби жобасымен Зейнеп Базарбаева, Әлімхан Жүнісбек, Нұргелді Уәли сынды білікті ғалымдар, ғылым докторлары тікелей айналысып жатыр.
— Қалай болғанда да жыл соңына дейін белгілі бір графика үлгісі қабылданады. Біздіңше, ең маңыздысы қаріпті қолданысқа енгізу кезеңі. Ендеше, әліпбиді кезең-кезеңімен жүзеге асырудың нендей тиімді тұстарын ұсынар едіңіз?
— Әлемнің көптеген дамыған елдері латын әліпбиін әлдеқашан қабылдап қойды. Демек, біз дұрыс жолдамыз. Біріншіден, латын үлгісіндегі әліпбиді жұмыс әліпбиі ретінде енгізіп, оны көліктердің нөмірін белгілеуге, жеке бас куәлігін, банктік қатынас-қағаздарын толтыруға, көшелердің атауын жазуға қолдануды ұсынамын. Яғни, қабылданатын әліпби жобасына екі-үш жыл жұмыс уақыты берілсе, алдымен оған халықтың көзі үйренеді. Және апробация болады. Бір-екі жылдан соң, жағдайға қарай бір әріптің таңбалануы өзгеруі де мүмкін. Бастысы, алдымен жұмыс әліпбиі іске қосылып, сынақтан өткеннен кейін, ол үлгі мемлекеттік деңгейде қабылдануы керек.
Екіншіден, осы жағдайдан кейін ғана әліпбидің әлеуметтік негізі жасалуы тиіс. Яғни, балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарына қажетті кітап көлемі, ақпарат құралдарына қажетті қосымша нұсқаулықтар саны нақтылануы қажет. Үшіншіден, жұмысшы әліпби қолданған кезде, емле ережесі, әліпбидің орфографиялық жазылу сөздігі, орфоэпиялық айтылым сөздігі қабылдануы тиіс. Осындай сөздіктер Үкіметтің деңгейінде бекітілген жағдайда, ортақ заңдылық, әліпбиді қолданудың белгілі бір тәртібі қалыптасады.
— Соңғы сұрақ. Әліпби ауыстыру қазақ қоғамына не береді?
— Өзіңіз білесіз, қазір әлемдік жаһандану процесі өте қарқынды жүріп жатыр. Осыдан алты-жеті жыл бұрынғы жаңалықтар қазір ескіріп қалды. Демек, ең алдымен бұл – заман талабынан туған қажеттілік. Екіншіден, қазақ қоғамы кезінде өзіне отаршылдық саясаттан таңылған әліпбиден арылады. Сырттан келген әліпбидің қазақ жазуының дыбыстық ерекшелігін ескермей, дыбыстық емлені бұзуға жұмыс істеп келгені белгілі. Мысалға, Рим дейтін қала жоқ. Рома қаласы бар. Біз біреудің қатесін қайталап жүрміз. Бұл — қазақ дүниенің дидарын, әлемнің келбетін тануда бұрынғыдай орыстың емес, байланысқа өзінің таңбасы арқылы шығады деген сөз. Рас, латын ағылшынның да, еуропаның да, қазақтың да төл тілі емес. Бірақ, әлемнің 75 пайызы латын графикасын қолданады. Және жаңа графика жас ұрпаққа басқа тілді тез үйренуге жол ашады. Ең бастысы, әлемнің әліпбиін меңгеру арқылы, сыртта жүрген бес миллион қазақты біріктіре аламыз.
Шыны керек, кез келген реформаның іске қосылуы созылса, ол зиянға шығады. Сондықтан, уақыт оздырмай іске кірісіп кетудің мәні тереңде болып отыр.
Латын үлгісіндегі әліпбиді жұмыс әліпбиі ретінде енгізіп, оны көліктердің нөмірін белгілеуге, жеке бас куәлігін, банктік қатынас-қағаздарын толтыруға, көшелердің атауын жазуға қолдануды ұсынамын. Яғни, қабылданатын әліпби жобасына екі-үш жыл жұмыс уақыты берілсе, алдымен оған халықтың көзі үйренеді. Және апробация болады. Бір-екі жылдан соң, жағдайға қарай бір әріптің таңбалануы өзгеруі де мүмкін. Бастысы, алдымен жұмыс әліпбиі іске қосылып, сынақтан өткеннен кейін, ол үлгі мемлекеттік деңгейде қабылдануы керек.
Латынға көшудің бес себебі:
- Кирилл таңбасы біздің жазуымызға да, емлемізге де икемсіз;
- Әлемнің 75 пайызы латын графикасын қолданады;
- Жаңа графика жас ұрпаққа басқа тілді тез үйренуге жол ашады;
- Әлемнің әліпбиін меңгеру арқылы, сыртта жүрген бес миллион қазақты біріктіре аламыз;
- Қазақ дүниенің дидарын, әлемнің келбетін тануда бұрынғыдай орыстың емес, байланысқа өзінің таңбасы арқылы шығады;
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА