Жаңа емхана — халық игілігіне
Астана күні қарсаңында Атырау қаласында тағы бір емдеу мекемесі халық игілігіне берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысып, денсаулық саласында жасалып жатқан көлемді жұмыстарға тоқталып өтті. — Халықтың денсаулығын нығайту мемлекеттің басты назарында.
«Қазақстан – 2050» мемлекеттік бағдарламасында Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деген еді. Осы бағытта өңірімізде көлемді жұмыстар жүргізілуде. «Геолог» кентінде ашылған емхана сөзіміздің дәлелі болмақ. Округ құрамына жеті елдімекен қарайды. Бірнеше әлеуметтік нысан бар. Емхана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.
Бүгінгі емхананың құрылысына жергілікті бюджеттен 1 миллиард 43 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Аталмыш нысан 17 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді. Тәулігіне 100 адамды қабылдауға арналған», — деді. Ғұмар Ислямұлы атап өткеніндей, шалғай ауылдағы тұрғындарға жедел медициналық қызмет көрсетілуі үшін биыл емханаға жаңа автокөлік алынды. Өңірде мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыруда жаңа серпін бар. Демографиялық жағдай жақсаруда. Қазіргі таңда денсаулық саласында бастапқы медико-санитарлық көмекті дамыту басты міндет болып отыр.
Емхана құрылысы 2014 жылдың маусым айында басталған. Салтанатты рәсімде емхана құрылысын салған мердігер мекеме «Агата» ЖШС-нің аймақтық менеджері Уәлиден Мұсалиев емхананың бас дәрігері Әсия Нарымбаеваға символикалық кілтті тапсырды. Лентаны қию құрметі ардагер Замрат Шамаров пен денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан дәрігер Гүлдария Бопановаға берілді. Ашылу салтанатынан соң Ғұмар Ислямұлы нысанды аралап көрді. Осыдан қырық жыл бұрын 450 тұрғынға арналып фельдшерлік пункт болып ашылған емдеу мекемесі 1988 жылы дәрігерлік амбулатория деңгейіне ауысқан. 2010 жылы Геолог емханасы болып қайта құрылды. Қазіргі таңда 28 дәрігер, 55 орта буын медициналық қызметкер амбулаториялық, емханалық медициналық көмек түрлерін көрсетуде. Жиырма орындық стационар қызметі бар. Екі қабатты емханада зертханалық-диагностикалық бөлімше, офтальмолог, хирург, оторинолоринголог, травматолог, невропатолог, кардиолог, эндокринолог мамандардың жеке бөлмелері қарастырылған.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.