Жаңа басқармалар құрылады
Атырауда ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы құрылады. Сонымен қатар, өңірдегі әскери қауіпсіздік-азаматтық жүйелерін жетілдіру шеңберіндегі ұстанымдарды іске асыру мақсатында Үкіметтің қаулысы негізінде облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру-дайындығы бөлімін таратып, әскери жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғау және аумақтық қор-ғаныс жөніндегі мәселелер басқармасын құру көзделіп отыр. Мұндай басқармалар Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан аймақтарында құрылған. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Ернар Баспаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясында мәлім етті.
Бұған қоса депутаттық корпус Қазақстанның халық әртісі, К.Байсейітова атындағы Алматы опера және балет теа-трының солисі Ғафиз Есімов пен ардагер — мұнайшы Мағауия Шырдабаевқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі ұсынысты бір-ауыздан қолдады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғайша Әбежан мәслихаттың 2015 жылғы «Атырау облысының аумақтық даму бағдарламасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.
– Мұның себебі, — деп түсіндірді басқарма басшысы, — облыстық дене шынықтыру және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс басқармаларының кейбір көрсеткіштеріне өзгерістер енгізу және жаңадан салынатын нысандарды бағдарламаға қосу болып отыр.
Атап айтсақ, 2017-2018 жылдары Атырау қаласында ұлттық спорт орталығы мен шаһарға қарасты ауылдық округтерінде 27 спорттық зал салу жоспарлануда. Осыған байланысты спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту пайызының көрсеткіштері де өзгермек. Ал, бас жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін Атырау қаласында қазіргі заманғы тұрғын кешендер құрылысын салу көзделіп, тұрғын үй ғимараттарын пайдалануға беру көлемі көрсеткіші 2017 жылы 511,3 шаршы метрден 550 мың шаршы метрге, 2020 жылы 650 мың шаршы метрге ұлғайту белгіленді.
Кезектен тыс сессияда облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Әли Әбішев, Абзал Талтенов, Нұрлыбек Ожаевтарға куәліктер мен төсбелгілер табыс етілді. Ал, облыстық тексеру комиссиясының төрағалығына Руслан Бектеміровтің кандидатурасы мақұлданды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ
Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.