Жүйелі басқару – табыс тетігі
«Компания табысты болсын десеңіз – басқаруды жүйелендіріңіз. Нақты мақсат қоя біліңіз. Жаңа әдісті енгізсеңіз, өзіңіз де өзгеріңіз. Бір орында тұрақтап қалмаңыз. Өрлей түсіңіз. Құрдымға кеткен кәсіпорынның өзі жұмысты тиімді ұйымдастыра білген кезде қайта түлеп, екінші тынысы ашылады». Кәсіпкерлікті дамыту жайында кеңес берген мамандар осындай пікірді ұстанып отыр. Ал, тікелей білікті сарапшының көмегіне жүгінгіңіз келсе, Еуропалық қайта құру және даму банкінің кәсіби кеңесшілеріне жолығыңыз!
Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға ұдайы ерекше назар аударып келеді. Осы мақсатта қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы нәтижесін беріп үлгерді. Жаңа нысандар мен өндіріс орындары ашылып, кәсіп иелері көбейді.
Аталған бағдарламаның төртінші бағыты бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкі бизнесті өркендетуге арналған кеңес береді. Кәсіпкерлер алысқа бармай-ақ халықаралық деңдейдегі сарапшы-мамандардың көмегін ала алады. Банк көмегімен кеңесші қызметіне төленетін қаражаттың жартысын өтеуге мүмкіндік бар. Бірақ, оның шекті мөлшері 10 мың еуродан аспауы тиіс.
Семинарға сексенге жуық бизнес өкілі қатысып, кәсіпорын тиімділігін арттыру, сату және өнімділікті жетілдіру, коучинг секілді мәселелерге арналған консалтинг мүмкіндіктерімен танысты. Кәсіпкерлікті өркендетуде сарапшылардың алар орны жөнінде кеңінен мағлұмат берілді. Айта кету керек, Еуропалық қайта құру және даму банкі консалтинг жобаларын бастан-аяқ бақылап, жергілікті кеңесшілердің және халықаралық сарапшылардың шығындарын өтеуге грант ұсынады.
Алматы, Орал, Ақтөбеден арнайы келген кеңесшілер «Шығындарды азайту», «Өзіңді таны! Команданы басқар! Болашақты ойла!», «Мидағы тәртіп – компаниядағы тәртіп немесе бизнес тиімділігін көтеру», «Коучинг: бизнестегі жаңа құралдар», «Бизнесті және жеке тұлғаны танымал ету жолдары» тақырыптарында дәріс оқыды. Семинар барысында келтірілген деректер мен мысалдардың барлығы да отандық кәсіпорындар тәжірибесінен алынған. Күні бүгінге дейін мұнайлы өлкеде осы бағытта 27 жоба жүзеге асқан. Әсіресе, сұранысқа ие – ақпараттық технологиялар, маркетинг, сапаны және стратегиялық басқару салалары.
— Мұндай шаралар еліміздің барлық аймағында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ауыл кәсіпкерлері – біздің ерекше назарымызда. Шағын және орта бизнеске түрлі деңгейдегі мамандардың кеңесі арқылы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесеміз. Сондай-ақ, өзге де кәсіпкерлермен тұрақты іскерлік байланыстар орнатуға мүдделіміз, — деді аталмыш банктің Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасының менеджері Алма Қасымова.
Айта кетейік, аталмыш қаржы ұйымының жанында бес жүзге жуық жергілікті кеңесшілер мен халықаралық сарапшылар базасы сақталған. Бұл мамандардың бәрі дерлік – нарықта өз орындарын нықтаған, қалыптасып үлгерген бизнес иелері. Олар осы саладағы бай тәжірибесімен бөлісе отырып, алдағы уақытта кемшіліктерді болдырмауға, жұмыс беруші, яғни компания басшылығының имиджін көтерудің қыр-сырына үйретеді.
Айбөпе САБЫРОВА.