ЖӘРМЕҢКЕДЕН ЖҰМЫС ТАПТЫ
Атап айтқанда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, сондай-ақ, түрлі компаниялар мен банктер өкілдері, қонақ үй қызметкерлері және жергілікті ақпарат құралдарынан облыстық «Қазақстан-Атырау» РТРК, облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газеті, «Менің тойым» журналы, «Сахара» газетінен өкілдері келіп қатысты.
Жәрмеңкені аталған университеттің проректоры Аққали Ахмет кіріспе сөзбен ашты.
— Биылғы оқу жылында күндізгі бөлімді 798 студент бітіргелі отыр, оның ішінде педагогикалық мамандықтарда оқитын 116 түлек қазірден бастап жұмысқа орналасқан, 87-сі үздік дипломмен бітірмек.
Оқу орнын тәмамдаған барлық жастардың жұмыспен қамтылуы – ең басты мәселе. Сондықтан, студенттердің жұмысқа орналасу жәрмеңкесін жыл сайын өткізіп келеміз. Биылғы жылы жәрмеңкені жеке-жеке факультетке бөліп емес, түрлі мамандықтарды біріктіріп кең көлемде ұйымдастырдық,- деді ол.
Алпыс жылдан астам тарихы бар көп салалы университетте жыл сайын жоғары білімді кәсіби мамандар бітіріп шығады. Оларға 500-ден астам профессор-оқытушы, 45 ғылым докторы мен профессоры, 200 ғылым кандидаты мен доценті, 13 халықаралық және қоғамдық академиялардың академиктері, 60-тан аса білім беру ісінің үздігі дәріс оқиды.
ҚР Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Атырау облысы бойынша басқармасының аға прокуроры Әлия Қамеденова бітіруші түлектерге деген сұраныстың бар екендігін айтты.
Ал, облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ермек Биғалиевтың айтуынша, жас мамандардың еңбек өтілінің қалыптасуына өндірістік тәжірибенің көп пайдасы бар. Ол үшін әрбір студент тәжірибе кезінде өзін көрсетуі керек.
Оқу орнын бітірген жас маманға бірден жұмыс табылатынын облыстық жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы Нариман Сәлімов былай түсіндірді: «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша «Жастар тәжірибесі» атты бағдарлама аясында бітіруші түлектер алты ай көлемінде мекеме, кәсіпорындардан өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл аралықта студент өзінің кәсіби мүмкіндігін тәжірибеде көрсетіп, жұмысқа орналасуы керек. Өткен жылы 719 жас маман тәжірибеден өтіп, 150-і тұрақты жұмысқа орналасты».
Жаратылыстану факультетін бітіруші түлектерге де сұраныс болды. Оны жәрмеңкеге келген Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ораз Бисембиев алға тартты. «КазкомБанк» АҚ директорының орынбасары Нұрлан Сансызбаев тек экономист, менеджерлерді ғана емес, тұтынушымен емен-жарқын тілдесе алатын, үш тілді жетік меңгерген, шешендік сөйлеу қабілеті жоғары түлектерді де жұмысқа шақырды. «АТФ Банк» АҚ маманы Гаухар Әлиева облыс аумағындағы бірнеше филиалдарына банктік операцияларды жүзеге асыратын қызметкерлер қажет екендігін айтты.
— Біздің мекемеде «Жас маман» жобасы ұйымдастырылуда. Бұл жобаның ерекшелігі, өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің әр күніне банк тарапынан еңбекақы төленеді. Кейін тәжірибеде көрсеткен қабілетіне қарай тұрақты жұмысқа алынады,- деп жобаның тиімділігін таныстырды.
Жұмыс берушілер түлектердің өздерімен жеке сөйлесіп, таңдаған мамандықтары жайында сұрап, бағыт-бағдар сілтеді. Бітірушілер мамандықтарына байланысты сауалдарын қойып, түйіндемелерін ұсынды. Ең бастысы, бітірушілердің көпшілігі мамандықтарына сай жұмысқа орналаса алатын болды. Айта кету керек, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің филиалдарына да журналистика бөлімінің біраз студенттері жұмысқа шақырылды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.