«ЖҮРЕКТЕН – ЖҮРЕККЕ!» ЖОБАСЫНЫҢ ІЗГІЛІГІ
Жобаның өткен жолғы кейіпкерлерінің ішінде қарапайым ғана ауыл адамдары – белгілі бір мамандықтың иелері де, жас та, кәрі де болды. Индерлік Талғат Молдашев пен Қайырлы Дүзбаев, құлсарылық полиция лейтенанты Амангелді Мұқашев, «Жүректен – жүрекке!» қайырымдылық қозғалысының жетекшілерінің бірі Серікбай Тұржігітов, ауыр диагнозбен туылған балаларға ем көрсетіп жүрген Ерлан Күмісқалиев – бәрі-бәрі бейбіт күннің батырлары, бүгінгінің үлгі етерлік арда азаматтары. Олар жасаған ізгілік ұмытылмауы тиіс.
Осы ретте «Жүректен – жүрекке!» жобасы арқылы мұқтаж үш адамға нақты материалдық көмектің көрсетілгенін атап өткіміз келеді. Жобадан көмек сұраған бұл азаматтарға орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қамқорлық танытып, өтініштерді аяқсыз қалдырмады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, облыстың бас имамы Батыржан Берденұлына риясыз көңілмен ризашылығымызды жеткізсек дейміз.
Өткен жылдың жобасын қорытындылаған кейіпкеріміз Ерлан Күмісқалиев те мақала жарық көргеннен кейін редакциямызға хабарласқан ата-аналардың ауыр диагнозбен туған көптеген балаларына көмек көрсетті. Редакцияға соғылған сансыз қоңыраулар да – соның дәлелі. Жобамыздың бастапқыдағы мақсаты адамгершілікті насихаттау болатын. Бір жылдың ішінде жобаның шын мәнінде жүректен жүрекке жылу жеткізетін, мұқтаж жандарға қолдау көрсететін алаңға айналғаны қуантады.
Жоба биыл да жалғасын табады. Танылмай жүрген батырларымыз дәріптеліп, мұқтаж отбасыларға көмек жетіп, қуанышты сәттер көбейеді деп сенеміз.