Жұмыс іздесең, жәрмеңкеге бар!

Жақында Мақат аудандық мәдениет үйінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аудандағы он бес мекеме-ұйымдардан жәрмеңкеге 638 жұмыс орны ұсынылды Ал, жұмыс іздеушілер саны екі жүзден асты. Мұнда негізінен Теңіз кенішіндегі үшінші буынды зауыт құрылысына және Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта қалпына келтіру секілді ірі жобаларға жұмыс күшін тартуды мақсат еткен компания өкілдері келген еді. Жұмыс берушілердің дені, әсіресе, кәсіпорындар мен түрлі бағыттағы серіктестіктер кәсіби маман иелерін іздейді.

Үміткерлерді тіркеп отырған компания өкілдері алда кәсіби біліктілікті саралайтын емтихан болатынын қаперлеп жатты. Олардың әрқайсысына өзінің шаруасына жетік білетін жұмысшы кадр керек.

Апталық бес жұмыс күнін ұсынған атыраулық компанияларға келісім беруге жүрексінген Абзал есімді жас жігіт жатын орынның жоқтығын алға тартып, түйіндеме беруге асықпады.

– Менде қажетті мамандық бар. Бірақ, мен оған машықтанып үлгерген жоқ едім. Оның үстіне бес күндік жұмыс уақыты мен үшін қиынға соғады. Жатын орынның қаражатын төлегеннің өзінде менде жөнді жалақы қалмайтын секілді,-деді ол.

Жоғары білімді маман Индира Бөлекбаева ағылшын тілі мұғалімі мамандығын алып келгеніне үш жыл болса да, бірде-бір білім беру мекемесі жұмысқа алмапты.

– Жұмыссыздар тізімі бізде бар. Оларды тағы да сараптап, кімнің қандай мамандығы бар екенін, қандай кәсіпке икемі барлығын анықтап, жұмыс істеп жатырмыз, – дейді, Мақат аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова.

Құрылыс жұмыстарымен айналысатын мекеме де әрлеуші, сылақшы іздеп, мерзімді жұмысшы қатарын толықтыруға үмітті. Ал, механик пен инженерге бұл жолы сұраныс көп болғанымен, мамандыққа ие адам табыла қоймады.

Гүлзада САЛИКОВА,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз