Жұмысшы – мәртебелі мамандық
Мамандықтың жаманы жоқ. Әркім өз ісінің шебері бола білсе, Абай айтқандай, өмірге кетігін тауып қаланатыны кәміл. Осы орайда жұмысшы мамандығының мәртебесін өзіміз қолдан түсіріп алдық. Кезінде «темірден түйін түйген» деп дәріптеген токарь, балтасы мен балғасын серік еткен ағаш шебері, мұнараны қолдан құрастыратын темір пісіруші, құбыр бойының қыр-сырын білетін слесарь қазір қажет емес пе? Ұл-қыздарымыз неге заңгер немесе экономист болуға ұмтылады? Еңбек нарығына жан-жақты мониторинг жасамау салдарынан қазір бұл мамандық иелерінің дені жұмыссыз жүр.
Жалпы, білім ошақтарының қызмет ету бағыты күрт өзгерген. Техникалық және гуманитарлық оқу орындары заңгер мен экономист дайындаса, сапада береке бола ма? Демек, ақысын төлесе, қандай мамандықты да оқуға мүмкіндік туып отыр. Университетке балы жетпегендер тобымен колледждерге шұбырады. Бұлар да ешкімнің бетін қайтармайды, бәрін қабылдайды.
Енді білім саласына түбегейлі өзгеріс енгізілмек. Сәл кеш те болса, жұмысшы мамандығының мәртебесін қайтадан көтеруге бетбұрыс жасалуда. Елбасының бастамасымен колледждер техникалық кадрларды тегін даярлауға тапсырма алды. Мемлекеттік қолдау көрсетіледі, шәкіртақы төленеді. Рас, бүгінгі жұмысшылар күрек пен сүйменді ұстамайды. Олар – заманауи талаптарға жауап беретін тың технология иелері. Демек, соған сәйкес тәлім алуы шарт.
Кеңестік кезді көксеп отырғанымыз жоқ, бірақ, сол шақта жұмысшылардың жалақысы инженерлермен салыстырғанда анағұрлым көп еді. Мемлекеттік марапаттың дені де соларға тиесілі болатын. Тұрмыстық жағдайлары да жасалатын. Қазір ше? Ағаш шебері мен слесарьдың аз ғана айлығы, бейнелеп айтқанда, басына тартса, аяғына жетпейді. Сонда мұндай жұмысқа кімді желкелеп апарасың?
Жұмысшы мамандығының мәртебесі түсуіне өзіміз де кінәліміз. Ұл-қызымызға кабинетте тыныш отыратын қызмет іздейміз. Өзіміздің жазда ыстықта, қыста суықта күні-түні жұмыс жасағанымызды жадымыздан шығардық. Балаларымыздың бойында масылдық пиғыл қалыптастырдық. Олар қол еңбегінің қандай екенін ұмытып барады.
Әйтсе де, міне, «ештен де кеш жақсы» дегендей, енді жұмысшы мамандығына шындап бетбұрыс жасалды. Облыста осы мамандық иелеріне сұраныс та жоғары. Теңіз кенішін игеруді жалғастыру, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту, газхимия кешені тәрізді ірі жобаларға жұмысшылар қажет. Рас, биылдан бастап жергілікті атқарушы билік техникалық колледждер оқушыларының азды-көпті тәжірибе жинақтауына жағдай туғызбақшы.
Осы орайда, сөз ретінде айтар болсақ, бұрын тәлімгерлік үрдісі де қалыптасқан-ды. Өндіріске жаңа келген жас шебер маманға бекітіліп, соңғысы оның жұмысшы ретінде орнығуына жауап беретін. Осы еңбегі үшін оған аздаған ақы да төленетін. Бүгінде өзін ақтаған бұл тәжірибе де қолданылмайды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.