Жұмысшы даярлауға әзірміз бе?
Президент өз Жолдауында келер жылдан бастап – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының басталатынын жариялаған еді. Яғни, болашақта техникалық мамандықтарға бөлінетін оқу гранттары көбейеді. Талапкерлер мемлекеттік колледждермен бірге, жекеменшік арнаулы орта оқу орындарында да тегін білім алады. Дегенмен, осы жүйені қазір қабылдауға дайынбыз ба? Бұл механизм қалай жүзеге асырылады?
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде аймаққа іссапармен келген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевпен кездескен облыстың оқытушылары мен колледж басшылары осы мәселе төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев мұндағы мақсат теория мен тәжірибені ұштастырып, кәсіби білікті мамандар дайындау екенін және оның «Нұр Отан» партиясының басты назарында тұрғанын айтты.
Келер жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жаңа жобасының жүзеге асырыла бастайтындығына байланысты 11 колледжде сұраныстағы жұмысшы мамандықтар бойынша тегін кәсіптік-техникалық оқытуды енгізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты кәсіптік-техникалық оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі қарастырылуда. Бес кәсіптік-техникалық білім беру ұйымына жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Облыстың техникалық-кәсіптік оқу орындарында «Кәсіпқор» холдингі әзірлеген 45 білім беру бағдарламасы тәжірибеге енгізіле бастады. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова баяндады.
Әрине, білікті жұмысшы маманын даярлауда оқу орнының базасы негізгі рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл орайда Атырау индустриалды колледжінің директоры Халидолла Тайпанов өзі басшылық ететін білім ордасының материалдық-техникалық жағдайының жоғарылығын айтып, екі мезгіл оқыту арқылы әр курс сайын мың жастың білім алуына мүмкіндігі барын жеткізді. Және дуалдық жүйедегі қиындықтар туралы да сөз қозғады. Дуалдық оқытудың негізі – оқушы аптасына төрт рет өндірісте болып, екі күн оқу орнында теориялық білім алады. «Дегенмен, бүгінде ең басты өзекті мәселе – жастардың теориялық оқудан кейін іс-тәжірибеден өтуі. Бұл жағдай үкімет деңгейінде қарастырылмаған. Оқушыларымызды тәжірибеден өткізу үшін таныс-тамыр, ағайын-туыс жағалап кететініміз жасырын емес. Қазір ірі кәсіпорынға бірден 25 баланы алып, тәжірибеден өткізу өте қиын. Мекемелердің міндеттерін үкімет деңгейінде нормативтік-құқықтық актілермен бекіту керек» дейді Халидолла Тайпанов.
Оқу орны басшысының ойын қолдаған Жылыой аудандық мәслихатының хатшысы Мұхтар Кенғанов өз уақытында білім алу көпсатылы болғанын айтып, мысалдар келтірді. «Бұрын жұмысшы мамандығын кәсіптік-техникалық училище немесе лицейлерде игеретін еді. Ал, техникумдардың түлектері ұжымды басқара алатын, себебі оларды соған толықтай үйретіп, тәрбиеледі. Естеріңізде болса, жоғары сынып оқушылары тігін және жұмысшы цехтарында, телефон стансалары мен асханаларда өндірістік тәжірибеден өтетін. Орта білімі жөніндегі аттестатпен бірге оларға біліктілігі жөнінде куәлік берілді, яғни, түлек мектептен кейін бірден жұмысқа қабылданатын. Егер, осы дәстүрді жалғастыра отырып жаңа форматта жүзеге асырсақ, жастар жұмыссыз қалмас еді» деп ұсынысын да білдірді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.