Жұлдызды жұптың жан сыры
Газетіміздің өткен санында айтылғандай, Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» тарихи фильмінің басты рөлдерін сомдаған Қазақстанның Халық әртістері Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева мұнайлы мекенге келіп, өңір жұртшылығымен кездескен болатын. Өнерлі жұп Атырауға сапары барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, емен-жарқын әңгімелесуге де уақыт тапты.
Меруерт ӨТЕКЕШЕВА:
«Фильмнің қазақша нұсқасын өзім алып келдім»
– Мені кино саласына мектепте оқып жүрген кезімде өнерге деген өлердей ғашықтығым алып келген болатын. Таңдауыма әке-шешем қарсы келмеді. Керісінше, қолдады. Әсіресе, анам өте бірбеткей адам болатын. «Кинода көп қыздың бірі болмайсың, Қыз Жібекті сомдайсың, болмаса мүлдем түспейсің» деп шарт қойған еді. Бұл сөз мені одан сайын қанаттандырды. Өмірлік серігімді де өнерден таптым. Көптеген сұлудың арманына айналған Құман атты келісті жігіт менің серігім болып шықты. Мүмкін, өнердегі жолымыз бірге болғандықтан шығар, ешқашан ренжіскен емеспіз.
… Мемлекетіміз өз алдына егемен ел болып шыққан уақытта әр салада құлдырау байқалып, жұмыс жүрмей қалды. Сондай қиын шақта қазақ киносының да халі мүшкіл еді. Әсіресе, «Қыз Жібек» фильмінің қазақша бөлімі тарам-тарам болып, жойылып бітті. Орысша нұсқасы мен қазақ тіліндегі екі бөлігі ғана қалды. Фильмді түсірген режиссер дүниеден өткесін, жоқтаушысы жоқ бейшара күйге түсті. Ең құнды дүниенің бір сәтте жойылып кеткеніне жаным ашыды. Қолымнан келгенінше жұмыстандым. Қазақша нұсқасын жинақтауға кірістік. Бармаған жеріміз қалмады. Ақыры, 1995 жылы Ресейдің Мәскеу қаласынан демеушілердің көмегімен, қомақты қаржыға фильмнің қазақшасын сатып әкелдім.
Құман ТАСТАНБЕКОВ:
«Мен оның қайсарлығына ғашық болдым»
– Біздің таныстығымыздың өзі қызық оқиға болды. Әдеттегі күндердің бірінде фильмге түсуге «пробаға» келген сүп-сүйкімді бойжеткеннің көзіме оттай басылмасы бар ма?! Бір көргеннен-ақ Меруертті Жібектің рөліне алатынына сенімді болдым. Оған қоса, «Осы қыз тәуір ойнайды, Жібектің рөліне келетін сияқты» деп, ұйымдастырушы топқа да өзімнің пікірімді айтып қоятынмын. Тілегім орындалып, Меруерт екеуміз фильмдегі қос ғашықтың кейпіне еніп кеттік.Ол қалада өскесін бе, өте бірбеткей еді. Жанына жігіт атаулыны жолатпайтын. Тік мінезі бар-ды. Оны үйіне шығарып салу, жақын әңгімелесу үшін көп ойландым. Көңілін табу үшін ойластырмаған амалым қалмады.
… Тағы бір қуанатыным, осы киноның қазақша нұсқасын сақтауға, іздеп табуға табандылық танытып, күн-түн демей жұмыстанған Меруертімнің сіңірген еңбегі мол. Егер, біз де салғырттық танытсақ, кім білген, «Қыз Жібектің» қазақшасы жойылып кетер ме еді?! Меруерт ұлттық құндылығымызға, оның жойылып кетпеуіне қатты алаңдайды. Тарихты қамтитын көлемді шығарма болғандықтан, кейінгі нұсқаларында фильмнің бұрмаланған тұстары көп. Кино кеңес кезінде түсірілгенімен, көптеген саяси астары бар, айтуға болмайтын сөздерді Меруерт екеуміз эмоциямен келтіретін едік. Сөз арасында білдіртпей айтып жіберетінбіз. Маған сол кездің өзінде қаршадай қыздың қайсарлығы, ержүректілігі қатты ұнады.
Шүкір, бүгінгі күні барған жерімізде елеп-ескеріп, «Жібек пен Төлеген келе жатыр» деп, жылы жүзбен қарсы алады. Соған шексіз ризамыз. Ең бастысы, фильм бүгінге жетті. Жастар көрді. Олар да өз бағасын беріп жатыр.
Нұргүл Ысмағұлова
«Мен үшін Атырау да бөтен емес…»
Аты аңызға айналған атақты «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлдерді сомдаған ерлі-зайыпты өнер иелері – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева Махамбет ауданына келіп, жұртшылықпен жүздесті.
Өнер тарландары алдымен киелі хан ордалы Сарайшық топырағына ат басын тіреп, жеті хан жатқан жерге тәу етті.
Бұдан кейін Меруерт Өтекешева «Қыз Жібек» киносының таспасын мұражайға ұсынды. Мұражай қор сақтаушысы Орын Сағынбаева қазақтың Қыз Жібегіне Сарайшық туралы жазылған кітапты ескерткіш ретінде сыйға тартты.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Азамат Айманакумов ашып, жүргізіп отырды. Аудандық мәслихат хатшысы Марат Мырзашев қонақтарға ізгі тілегін жеткізді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов белгілі өнер тарландарының руханиятта аңыз адамдар екендігін, өңірге облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың шақыртуымен келіп отырғандығынан хабардар етті.
Алматылық меймандарға сый-сияпат ұсынылып, мемлекеттік қызметтің ардагері, Махамбет ауданының Құрметті азаматтары Ұзақбай Төлегенов, Мәндірғали Оразғалиевтар сөйлеп, қонақтарға ақсақалдық бата-тілектерін жолдады.
Бұдан соң сөз алған ҚР Халық әртісі Құман Тастанбеков «Мен батысқа күйеу баламын. Сондықтан, бәріңізге басымды иіп, сәлем беремін» деп орнынан тұрып, көпке тағзым етті.
— Кеңес заманы кезінде Атырауға жиі келетінбіз. Меруерт екеуміз М.Әуезов атындағы драма театрында қызмет етіп келеміз. Екеуміз де Нұрмұхан ағамызбен бірге киноға түстік. Біздің ең сыйлайтын азаматымыз – Иманғали Тасмағамбетов. Ол кісі қиналғанда қол ұшын созып, бізге көп көмектескен жан. Құрмет тұтып, қатты қадірлейміз. Бүгін Имекеңнің туған жеріне келу біз үшін үлкен мәртебе болды, — деді актер.
— Мектепті бітіре салысымен Қыз Жібекті ойнадым. Іріктеуге қатысқан 500 қыздың ішінен таңдау маған түскені рас. Халық бірден жылы қабылдады. Меніңше, бұл Құдай берген талант деп білемін. Кете-кеткенше режиссер Сұлтан аға риза болды. Оны бір сәтке ойдан шығармаймыз. Өнер жолы – ауыр жол. Ол кісі бізге өнер жолын ашты. Сұлтан аға болмаса, Қыз Жібек те болмас еді. Суретші Гүлфайрус апай да қамқор болды. Құман екеуміз өнерде де, отбасында да бірге келеміз. Артымызға өшпес із қалдырдық. Сондықтан, екеуміз де бақыттымыз, -деген Меруерт Өтекешева мектеп кітапханасына «Қыз Жібек» киносы туралы кітапты ұсынып, өздеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылық білдірді.
Залдан Құман ағаның кезінде гармонмен ән шырқайтынын білетін махамбеттіктер жастық шағын еске алып, ән шырқап беруін өтінді. Ол еш бәлсінбестен, алдымен жастық шақта Жібегіне арнаған әсем әнін әуелетсе, одан әрі «Анашым» әнін шырқай жөнелді. Біз қос өнер тарланының шаңырағында 95 жастағы аналары да барын білдік.
— Анамыз әлі тың, шаруасын тап-тұйнақтай қылып жүреді, — дейді Меруерт апай жымиып.
Кездесу кеші оған қатысушыларға зор әсер қалдырды.
Арман ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.
Махамбет ауданы.
Кино тойы күзде аталып өтпек
Биылғы жылы «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына – 46 жыл толады. Алайда, оны көпшілік біле бермейді.
«Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махабатты емес, патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Оған деген халықтың сүйіспеншілігі жылдар өте келе артпаса, кеміген жоқ. Ал, шетелде мұндай киноларды биікке көтеріп, бағасын беруде алдына жан салмайды»,- дейді Құман аға.
Бір айта кететін жай, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешеваның осы кезге дейін ойында жүрген арманы Атырауда биыл орындалатын болды.
Өйткені, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен ағымдағы жылдың күз айында өміршең киноның 46 жылдық мерейлі тойы Атырауда аталып өтпек. Ел көлемінде ұйымдастырылатын мерейлі тойға «Қыз Жібек» фильміндегі рөлдерді сомдаған әртістердің бәрі шақырылмақ.
— Біз мұндай ақжолтай хабарды өңір басшысынан естігенде қатты қуандық. Тіпті күтпеген едік. Ризашылығымыз шексіз. Атырауға екінші рет келіп тұрмыз. Біздің сапарымыздың Құрбан айт мерекесімен қатар келуі де – жақсылықтың нышаны болса керек. Құлсары қаласындағы Ақмешітте болып, Бекет ата туған мекенге тәу еттік. Дұға бағыштадық. Бұрындары армандап қана жүрген Махамбет ауданына да аяқ бастық. Облыс орталығындағы кітапхана, филармония, театр, университетте, «Атырау-Ақпаратта» өнерлі жастармен өткен кездесуідің өзі неге тұрады? Қашанда дарындарды қолдап, қошеметтеп отыратын Атырау жұртшылығының болмысы бөлек, топырағы киелі. Жаратқан қолдаса мұнайлы мекенге күздің ортасына қарай қайта келеміз деп жоспарлап отырмыз,- дейді Құман аға мен Меруерт апа ақ көңілден.