Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жүктелген міндет жүзеге асуымен құнды

Жақында облыстық мәслихат жанынан Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының облысымызда жүзеге асырылуын бақылау мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Таяуда аталған топ Жылыой және Мақат аудандарында болып, бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан жобалармен танысты.

buqara

Экспортқа сай өнім – өзімізден

Облыстық мәслихат аппаратының басшысы Ержан Барлыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты, бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Баязи Әбдешев, облыстық мәслихат депутаты Айтпай Сисеновтер құрамына енген комиссия алдымен Жылыой ауданында болып, «Металл Продукт» ЖШС жұмысымен танысты. Металл жай­маларын шығаратын  комбинатта қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жүруде.

– Бұл жерде 89 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыс басталған кезде 120 адамға дейін жұмысқа қабылдаймыз. Ал, егер де 4 ауысыммен толыққанды жұмысқа кірісетін болсақ, 400 адам жұмыспен қамтылады. Темір балқытатын екі пеш бар. Оның әрқайсысына бар болғаны 2 сағат ішінде 7 тоннадан темір балқытуға болады. Жалпы кәсіпорынның жылдық қуаты — 15 мың тонна. Өнімді негізінен ауданымыздағы мер-дігер мекемелер құрылысқа алып отыр, — дейді бас инженер Ерғали Құлтаев. Мұндағы негізгі өнім — арматура, бұ­рыш­тама, швеллер. Өнімдер мемлекеттік стандартқа сай жасалады.

– Шикізатты, яғни балқытуға қажетті темірді «Ембімұнайгаз» АҚ-дан келісім-шартпен алып отырмыз. Ал, темірді стандартқа сай дайындау үшін қажетті химиялық қоспалардың жартысын Ресей Федерациясы Челябинск қаласынан, ал жартысын еліміздегі Теміртаудан алдыртамыз. Өнім сапасына үнемі қадағалау жүргізіліп отырады. Біздің арматураларды «Аджип ККО» компаниясы, ТШО компаниясының мердігерлері Теңіз кенішіндегі өндіріс алаңдарындағы құрылысқа алып отыр. Алдағы уақытта темірді үздіксіз құятын қондырғы алуды жоспарлаудамыз. Ол уақытта қосымша 10 тонналық пеш қойылады. Сол кезде өнім экспортқа шығару үшін дайындалатын болады, — дейді мекеме басшысы Қадіржан Құлтекенов.

Тұрақты жалақы бар, жұмысшы жоқ

Комиссия мүшелері бұдан соң, Жылыой ауданындағы «Атырау-Сауда» ЖШС-не қарасты құс фабрикасымен және ірі жылыжай құрылысымен танысты. Мекеме басшысы Әлімжан Балжігітовтың айтуынша, бүгінде бұл жерде 150 мың сапалы өнім беретін, асыл тұқымды «Ломан»  тауығы өсірілуде. Тәулігіне 90 мың жұмыртқа өндіріліп отыр. Ол 4 санатқа бөлініп, 16-20 теңге аралығында сатылуда. Бұл кездесуде де күрмеулі мәселелер назардан тыс қалмады.

«Қазіргі кезде басты проблема – жұмысшының аздығы. Жұмыртқаны сұрыптау, жылыжайдағы өнімді жинауға келген жұмысшылар тұрақтамай отыр. Оларға 80-100 мың теңге жалақы беріп отырмыз. Дегенмен, ынта білдіріп отырғандар аз. Екінші мәселе: ауданда дәнді дақылдар өсірілмейтіндіктен, тауыққа берілетін жем бағасы жеткізу құнына байланысты қымбатқа шығады», — деген мекеме басшысына комиссия мүшелері бұл жайттың облыстық мәслихаттың келесі сесиясында күн тәртібіне қойылып, талқыланатынын жеткізді.

Мұнай қалдығы қайта өңделуде

Ауданда сәтті жүзеге асқан жобаның бірі – «Эко-Техникс» ЖШС-нің мұнай қалдығын қайта өңдеу бойынша өндірісті жаңғырту жобасы. Оның құны 508 млн. теңгені құрады. Осы қаржының есебінен қуаты 12 мың тонна болатын мұнай шла­мы өңделіп, бірқатар жаңа жұмыс орны ашылған болатын.

Қазіргі кезде аталған серіктестіктің Атырау облысының Жылыой, Индер аудандарында, Ақтөбе облысының Мұ­ғалжар ауданында және Маң-ғыстау облысының Мұнайлы ауданында қал­дықтарды залалсыздандыру және кәдеге жарату бойынша жекеменшік алаңдары бар. Жалпы компанияда 115 адам жұмыс жасайды. Жылыой ауданындағы мұнай қалдықтарын залалсыздандыру алаңында 70 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың барлығы — жергілікті тұрғындар.

Жылыой ауданынан кейін облыстық мәслихат жанынан құрылған комиссия мүшелері Мақат ауданына жол тартты. Онда Ескене стансасындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобасы аясында жүзеге асқан «Ескене вагондарға қызмет көрсету орталығы» жұмысымен танысты.

 

Қайрат Дүйсенбетов,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button