Жұқа мұздан қауіп көп
Жыл басынан бері облыс аумағында 279 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 60 пайызы тұрғын үй секторында болса, 40 пайызы автокөліктерде орын алған. Нәтижесінде 8 адам жарақат алып, 13 адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Рашид Блялов мәлімдеді.
Мамандар өрттің негізгі себебі тұрғындардың салғырттығы мен немқұрайлылығында екендігін айтады. Ал, жылыту маусымы кезінде облыс бойынша газбен уланудың 7 фактісі тіркеліп, уланғандардың саны 18 адам болып отыр. Бұл қайғылы жағдай газ қондырғыларын және жылыту пештерін дұрыс қолданбағандықтан орын алды.
Сондай-ақ, Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының басшысы Ершат Қибашевтың айтуынша, облыстағы су айдындарындағы мұз әлі де жұқа. Қазір мұздың қалыңдығы 7-8 сантиметрдей болып тұр. Сондықтан тұрғындар қауіпсіздік шараларын ескеруі керек. Әсіресе, балық аулаушыларға көп үкі ойып, топ болып отыруға тыйым салынады.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға жаңажылдық шаралар кезінде пиротехникалық заттарды абайлап пайдалануды ескертеді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА