Зейнеткер: Бізді «Ақыл айтуға шебер» деп жатады
Қарияларға құрмет – қанға сіңген қасиетіміз. Қазіргі таңда қарттар арасында үлгі тұтарлықтар аз, қарттың бәрі қазымыр, қазыналы қарттар қатары сиреді деп айту еш негізсіз.
Аузынан батасы түспей, ұрпағының амандығын тілеген небір ақсақалдар өмірде болған, бар, бола да бермек. Қашан да алдыңғы лек аға буынды сыйлаған қазақ үшін қарттардың орны – біртөбе. Біздерді «Ақыл айтуға шебер» деп жатады. Ол рас. Ақыл да айтамыз, мін де тағамыз. Себебі, ұрпағымыз жақсы болса екен дейміз. Ал, жоғарыдағы пікірді айтатындар дәл қазіргі буынның өкілдері. Олар бастарынан сөз асырмай, «бәрін өзім білем» деп тұрады. Бәріміз де бала өсіріп, немере сүйіп отырмыз. Немерелерім, «Ата, сен үндемеші, иә араласпашы» деп айтып көрген емес. Ол – отбасылық тәрбиенің жемісі.
Кейде автобустарда егде жастағы адамдарға орын бермей, көрмеген болып отыратын жастар ертеңгі күні біз ұстаған таяқтың оның қолында тұруы мүмкін екенін білмей ме? Сондықтан, қарттардың қадірі қашпасын десек, жастарды тәрбиелеуіміз қажет.
Қарттар қашан да қазына, отбасының алтын қазығы болып қала бермек. Оларды ұсақталып барады деуіміз дұрыс емес. Бұлай деп айтуыма себеп, өзім де осы топтың өкілі болғандықтан емес, газет – тәрбие құралы, ертеңгі күні осыны оқыған жастар «е-е-е, қазіргі қарттар осындай екен ғой» деген ойдың жетегінде қалмаса екен деген тілек қана. Өйткені, өзімізді жамандағаннан, көпке топырақ шашқаннан ешнәрсе ұтпаймыз.
Жақсығали Бижанов,
зейнеткер,
Жылыой ауданы.