Зейнетақы жүйесіндегі қаражат беріле ме?
Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Мемлекет басшысының зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін мақсатты түрде пайдалануға рұқсат беру туралы тапсырмасы қоғамда қызу талқыға түсіп, бүгінгінің «басты тақырыбына» айналды.
Үкімет аталған мәселені мүдделі мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықтауда. Бұл мәселе алдағы уақытта қалай шешіледі? Оған кімдер ие бола алады? Қалай жүзеге асады? Доллар қымбаттаған сайын зейнетақы қорындағы қаржы қатар құнсыздану қаупін тудырмайды ма? Сұрақ көп. Сарапшылар пікірі екіге жарылады. Бірі «ел экономикасына да тиімді» екенін қолдаса, өзгелері «бейнеттің зейнетіне арналған стратегиялық сомаға қол сұғудың қажеті жоғын» алға тартады.
Ел Президенті «Қазір жұмыс істейтін адам зейнеткерлікке шықпайынша, қорға жиған ақшасын пайдалана алмайды. Бірақ, адамдардың зейнетке шықпай тұрып жаратқысы келетіні түсінікті. Сондықтан, Үкіметке жыл соңына дейін зейнетақы қорына жинаған қаражатының бір бөлігін мақсатты түрде пайдаға жаратуын қарастыруды тапсырамын» дегелі ел құлағы елең етті. Зейнетақы жүйесіне реформа керегі рас.
Бұрын жалақыдан 10 пайызды зейнетақы қорына аудару қажеттігі туындағанда да алғашында халық аса көп жақтыра қоймаған. Уақыт өте келе болашаққа салынған инвестиция екенін ұғынды. Сол шақта ұлардай шулаған бұқараның екпіні басылды. Аталған реформаға келер болсақ, құнды қағаз шығаратын субъектілері жоқ нарықтық мемлекетке өтуші ел үшін бұл қадам қажет екені де рас.
Ел экономикасына да тиімді. Әрине, уақытты да талап етеді. Мамандардан білгеніміздей, салада «зейнет аннуитеті» деген ұғым бар. Соған сәйкес, қорда жеткілікті көлемде қаражат жиналған болса, кез келген адам зейнет жасын күтпей, зейнетке шыға алады. Бұған қоса бұл адам зейнет аннуитеті арқылы есепшотындағы қ а р ж ы с ы н с а қ т а н д ы р у қорына аударып, ай сайын қомақты көлемде пайыздық мөлшерлеме алу мүмкіндігіне ие бола алады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
− Министрлік ұзақ мерзімді актуарлық үлгілерді құру негізінде жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар кешенін әзірлеу үшін жұмыс тобын құрды. Оның құрамына Ұлттық банктің, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерінің және басқа да мемлекеттік органдардың, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, Кәсіподақтар федерациясы, «ТАЛАП» қолданбалы зерттеулер орталығы, Стратегиялық бастамалар орталығы, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері кірді. Кешенді және жан-жақты қарастыру үшін, сондай-ақ, бизнес өкілдерінің, болашақ зейнеткерлер мен мүдделі мемлекеттік органдардың мүдделерін ескере отырып, сындарлы ұсыныстарды әзірлеу үшін жақын арада Үкімет деңгейінде осындай жұмыс тобы құрылатын болады. Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды Үкімет пен Ұлттық банк жыл соңына дейін әзірлейді.
Текей ҚАРАМЫРЗИЕВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Жеке зейнетақы қорындағы ақша салымшының жеке мүлкі болып табылады. Әрине, халық зейнетақы жинақтарын зейнет жасына жетпей жатып-ақ пайдаланғанды қалайды. Десе де, тек бүгінін ойлап, болашаққа бас қатырмауға болмайды. Сол себепті, зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілмеуі керек. Ол – адамның өмір бойы жасаған еңбегінің жемісі, аты айтып тұрғандай, бейнетінің зейнеті. Бүгін балаларына үй алып, ертеңгі күні мардымсыз зейнетақыға қарап отыра ма? Азаматтарымыз «зейнетке шыққанда инфляция жинақты жеп қоюы мүмкін. Сол себепті қазір жинаған жинағының 50 пайызын пайдалануға мүмкіндік беру қажет» деп жатыр. Теңгенің құнсыздануына ұшырамас үшін, зейнетақы әр азаматқа соңғы екі жылдағы жоғары еңбекақымен төленуі тиіс. Сол кезде инфляцияның әсері болмайды. Жинақ – адамның қартайғандағы болашағына арналған қоры ғой. Сондықтан, ол ақшаны бүгін алып алып, зейнет жасына ештеңе қалдырмау дұрыс емес. Оның үстіне, зейнетақы қорындағы ақшасын тек табысы жоғары адамдар ғана алып, пайдалана алады. Естуімше, 7 миллионға жуық салымшының салымы 1 миллион теңгеге жетпейді. Тек 300 мыңға жуық адамның ғана жинағы 5 миллионнан асады екен. Яғни, бұл мүмкіндікті бар болғаны 100 мыңдай адам ғана пайдалана алады. Тағы да табысы төмен, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобы қалыс қалып қояды.
Бердібек САПАРБАЕВ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Біздің адамдар зейнетақы қорындағы ақшасы туралы зейнетке шығуға үш жыл ғана қалғанда ойлана бастайды. Ал, зейнетке шыққаннан кейін көбісінің ай сайынғы зейнетақысына көңілі толмайды. Өйткені, тым мардымсыз. Осыдан барып Үкіметке деген наразылық, ашыну
пайда болады. Бір жағынан, бұған азаматтардың өздері де кінәлі. Мемлекеттің кінәсі – осы уақытқа дейін рұқсат бермегендігі болса, азаматтардың кінәсі – өзінің меншікті қаражатына бейжай қарағандығы. Мемлекет зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат берсе, қазақстандықтар өз ақшасын басқара алатын мүмкіндігі барын түсінеді. Тиісінше, зейнетақы қорындағы ақшаға депозит ретінде қарай бастайды. Оны тезірек ұлғайтудың амалдарын ойластырады.
Сәулеш МЕЙРАМҒАЛИЕВА, мұғалім:
– Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бар. Мысалы, Малайзияда қажылыққа барғысы келген адамды зейнетақы қоры толығымен қаржыландырады екен. Яғни, кез келген адам Меккеге зейнетақы қорындағы ақшамен барып келе алады. Ал, Сингапурда зейнетақы қорындағы ақшаға үй алу мүмкіндігі берілген. Президент ұсынып отырған нұсқа да осыған саяды. Егер мұндай мүмкіндік берілетін болса, жұбайым екеуміз жинағымыздың 50 пайызын алып, алғашқы жарнаны төлеп, балаларыма үй алуға көмектесер едім. Өйткені, мемлекеттік бағдарламамен берілетін пәтерлердің бастапқы пайызын табу үшін екінші деңгейлі банктерден несие алып, оны кейін пайызбен қайтару жас отбасылар үшін үлкен қиындық келтіреді. Денсаулығында ақауы бар, үлкен қаржыны қажет ететін оталар үшін де несие алып немесе таныс-тамырға қарызданып жүргендер қаншама? Аталған реформа іске асса, олар үшін пайдасы ұшан-теңіз болары анық. Сондықтан, реформаны қолдау қажет.