ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Бұл туралы министрліктің  алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Тамара Дүйсенова осылай мәлімдеді.    

Министр зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастыру тұрғысында бүгінде тиісті заң жобасы әзірленгенін атап өтті. Бұл құжатта базалық зейнетақы тағайындау тәртібін өзгерту қарастырылған. Осы орайда 2017 жылғы 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты анықталады. Өтіл 10 жыл және одан кем болған жағдайда базалық зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейі (КД) көлемінің 50 пайызына тең болады. Сосын 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға артып отырады. Өтіл 20 жыл болғанда күнкөріс деңгейі – 70 пайызға, 35 жыл болғанда 100 пайызға жетеді.        

Министрлік мәліметіне қарағанда, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілердің жұмыскерлер табысының 5 пайызы мөлшерінде төлейтін жарнасы есебінен қалыптасатын жаңа шартты-жинақтау құрамын енгізу арқылы зейнетақы төлемдерін арттыру көзделген. Нәтижесінде зейнетақы төлемдері: бюджет, жұмыс берушілердің жарнасы және жұмыскерлердің өздері арқылы іске асырылып, азаматтардың алдыңғы кірісінің кемінде 40%-ын қамтамасыз етеді.  

Мұнымен қоса, жинақтаушы зейнетақы жүйесін әкімшілендіру тетіктерін жетілдіру қарастырылып отыр.

Атап айтқанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді сақтау қажеттігін тапсырған болатын.  Белгілі болғандай, биыл  әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау бағдарламаларын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 2,4 трлн. теңге қарастырылған. Соның есебінен 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері – 9 пайызға, базалық зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері – 7 пайызға артты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз