Өзара байланыс өрісті кеңейтеді
Кеше Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісі Рашад Маммадовты қабылдады.
Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы Тәуелсіздік жылдарында екіжақты қарым-қатынас орнағаннан кейін Қазақстан — Әзербайжан ынтымақтастығы мемлекетаралық деңгейде қарқынды дами түскенін баса айтты.
— Атырау облысы ел экономикасының күретамыры саналады. Инвесторларды тарту мақсатындағы Елбасының тапсырмаларын орындауға ұдайы жұмыстанып келеміз. Бұл кездесу Атырау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың дамуына, тауар айналымының деңгейін арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз, — деді облыс әкімі.
Статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында Атырау облысы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы тауар айналымы 9,4 миллион АҚШ долларын құраған.
— Әзербайжан Президентінің тапсырмасына сәйкес екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытып, нығайту мақсатында Қазақстанның өңірлерінде үнемі болып келеміз. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындарын аралап, жергілікті кәсіпкерлермен кездестік. Сапарымыздың негізгі мақсаты – әзербайжандық өнімдерді, оның ішінде, ауыл шаруашылығы тауарларын Қазақстан нарығына шығару, біріккен кәсіпорындар ашу мүмкіндіктерін қарастыру, — деді елші.
Айгүл Ертілеу