
Заманауи технология тазалық жұмыстарын жеңілдетеді
Атыраудағы қала тазалығына жауапты бірден бір құрылым – «Арнаулы көлік базасы» ЖШС басшылығы журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатының басы тақырыбы осы болды. Кәсіпорын сан-салалық қызметін цифрландыру жүйесіне көшіру бағытында қолданысқа енгізілген жаңа технологиялар мен өміршеңдігін дәлелдеген оң шешімдер олардың тиімділігі мен маңыздылығы басқосудағы әңгіменің арқауына айналды.

Серіктестік директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Есенжан Шаудановтың баяндауынша, «Арнаулы көлік базасы» ЖШС осыдан төрт жыл бұрын цифрландыру жүйесіне қосылған. Соның нәтижесінде мұндағы өндірістік процестер мен қаржылық реттеу жүйесі оңтайландырылды.
Атқарылатын жұмыс ауқымы ықшамдалып, жұмыс күші айтарлықтай жеңілдеді. Кәсіпорын өміріндегі осындай оң өзгеріс пен тың үрдіс халыққа көрсетілетін коммуналдық қызмет мәдениетін арттырып, сапалық деңгейін көтеруге тың серпін, мол мүмкіндік берді. Сәтті басталған жұмыстар жалғаса береді.
–1921 жылы бастап қолға алынған «АИС – Отходы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (жобаны жасаушы Ресейдің «ТКО-Информ» компаниясы (Мәскеу қаласы) толықтай өндіріске енгізу алты ай уақытты қамтыды. Қорытындысында бұл салада қордаланған көптеген проблема мен өзекті мәселелердің шешімін табуына септесті. Коммуналдық немесе қатты тұрмыстық, жылы аялдамалар, көше әжетханалары, құрылыс-жөндеу жұмыстарынан жинақталған қалдықтар – мұның бәрі цифрлық технологияның игілігін көріп отырған салалар. Қажеттілігіне қарай бұл жүйе біртіндеп цифрландырыла береді, — деді «Арнаулы көлік базасы» ЖШС директоры Алмас Ізтелеуов.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор