Заемшылар азайып, салымшылар көбейген

ФОТО БАНК Жаңалықтар

15 қарашада Ұлттық валюта – теңге күні мен отандық қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Соның қарсаңында, өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте «Қазақстан Ұлттық Банкі» Атырау филиалының директоры Айнұр Көшербаева, биылғы тоғыз айдағы несие саясатының қорытындыларын жариялап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

ФОТО - БАНК

Биыл облыс бойынша инфляция деңгейі 6 пайызды құрап отыр. Бұл аралықта азық-түлік және басқа да тауарлар мен көрсетілетін қызмет құны 6,3 пайызға дейін өсіпті. Ал, бөлшек сауда айналымы 187,6 миллиард теңгені құраған.

«Бүгінде аймақта банктің 21 филиалы бар. Олардың қатары да соңғы кезде азайып келеді. Себебі, қызметтердің көбісі қазір ғаламтор желісі арқылы көрсетіледі. Соған қарамастан, қолма-қол ақша айналымы әлі де бар. Яғни, төлем карточкалары атыраулықтардың зор сеніміне ие. Электрондық төлемдерге келсек, олардың үлесі жарты есеге өскен. Негізінен, кіріс көзі коммерциялық мекеме қызметінен, шетел валютасын сатудан, жеке тұлғалардың аударымдарынан түсіп отыр. Ал, шығыс операциялары заемдар, еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы төлеу, сондай-ақ, банкоматтарды нығайту есебінен көбейген»,-дейді филиал басшысы.

Тағы бір жаңалық, төлем карточкаларын тұтынушылар қатары көбейіп, 613 мыңға жеткен. Ал, банкоматтар 539-ға кеміп, «рos-терминалдар» 4 093-ке артқан. Салымшылар қатары да 12 пайызға толыққан. Сол сияқты, міндетті зейнетақы жарналары 455 млрд. теңгені, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 8,9 млрд. теңгені құрады.

Облыстағы банк филиалдарының несие портфелі 322,6 млрд. теңгені құрайды. Заемдардың көп бөлігі заңды тұлғаларға экономиканың өнеркәсіп, көтерме және бөлшек сауда, автокөлік құралдарын жөндеу салалары бойынша, ал жеке тұлғаларға тұтыну мақсатында берілген екен. Барлығын қосқандағы сома – 205,8 млрд. теңге.

Шетел валюталарын айтар болсақ, АҚШ долларын сатып алу азайып, сату көбейген. Ал, Ресей рублі бойынша екеуінде де өсім бар. Биылғы 7 қарашадағы ресми бағам бойынша доллар 334,52 теңгені, рубль 5,68 теңгені құрап отыр.

«Облыста сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын 910 шаруашылық субъектісі «Ұлттық Банк» филиалына төлем балансы бойынша есеп береді. Жыл басынан бері валюталық операция жүргізуге 29 тіркеу және екі хабарлау туралы куәліктер берілді. Ал, орын алған заң бұзушылықтарға қатысты 39 әкімшілік іс қаралып, алты әкімшілік айыппұл салынды. Банк филиалдарының қызметіне байланысты, тұрғындардан 105 өтініш түсті. Сонымен бірге, аймақта сақтандыру ұйымдарының 22 филиалы қызмет көрсетеді, оның жетеуі – өмірді сақтандыру бойынша. Биыл одан бөлінетін сыйлықақы мөлшері өсіп, 11516,2 млн. теңгені құрады»,-деді Айнұр Көшербаева.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз