ЗАҒИПТАР ТЕГІН ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Айта кету керек, Қазақ зағиптар қоғамы 1946 жылы құрылған. Ұйым көру мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеуге, оларды жұмыспен қамтуға бағытталған. Биыл 197 адам – бірлестікте мүше.
Шаһар орталығында зағиптарға арналған бағдаршамдар, жол белгілері орнатылған. Сондай-ақ, Қазақ соқырлар қоғамының кітапханасында арнайы кітап қоры бар. Бұдан басқа, олар үшін белгіленген сайтқа кіру арқылы өздеріне ыңғайлы нысанды таңдауға жол ашылған жоба іске қосылды.
Қоғамның ғимараты бес компьютермен және екі «оқитын машинамен» жабдықталған. Бұл сөйлеу синтезаторы арқылы мәтінді дыбыстауға және брайлдік кескінді алуға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда оқушы өз дауысымен керекті мәтінді сақтай алады.
Бұл жайларды мәлімдеген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова мұндай қызметтерге қоса компанияның «Шексіз мүмкіндіктер» қайырымдылық жобасы аясында тегін интернеттің қосылуы да игі іс екенін айтты.
«Бүгінде қоғамдағы көру мүмкіндігі шектеулі жандардың түсінігі түбегейлі өзгерді. Бірлестігіміздің мүшесі қоғамның толыққанды мүшесі бола алады. Біздің ұйым зағиптарға жағдай жасау үшін барлық мүмкіндіктерді жасайды. Енді интернетке қосылдық. Бұл үйренушілерімізге интернет бағдарламаларымен дербес жұмыс істеуден тәжірибе жинақтап, басқа да кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік береді», — дейді Атырау қалалық «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ бастапқы ұйымының төрағасы Марат Үмбеталиев.
Ал, Beeline Қазақстан компаниясының Бас атқарушы директоры Тарас Пархоменконың айтуынша, заманауи қоғамның инновациялық шешімдерге қажеттілігі артып келеді. Beeline Қазақстан digital-қызметтің көшбасшысы болу үшін ұзақ жол жүріп өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік жауапкершілікті назардан тыс қалдырмай, қоғамның дамуына әрі өмір сапасын жақсарту үшін телекоммуникациялық саланың барлық жетістіктерін қолдануына көмек көрсетуде. Әсіресе, әлеуметтік жобалар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңызды.
Аталған жоба іске асқаннан бері Қазақстан қалаларында 13 ұйым тегін интернетті пайдалануда. Жыл соңына дейін тағы екі нысанды қосу жоспарда бар.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.