Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Заң білмегендіктің зардабы неге әкеліп соғады?

Бүгінде дүние жүзі бойынша кең сипат алған жемқорлықтың алдын алу үшін көптеген шаралар атқарылуда. Қоғамдық дертке қарсы күрес жергілікті жерде де жүйелі түрде жолға қойылған.
Осы орайда, кейбір жайттарға айрықша тоқталып өткім келеді.

Заңсыз көші-қон

Ел азаматтарының арасындағы келеңсіздіктер мен кикілжіңдердің көбісі Ата Заңымызды білмегендіктен туындап жататыны жасырын емес. Ал, өз кезегінде аталған құжаттағы заңдар жиынтығы түрлі салада көсетілетін қызметтерді ретке келтіріп, темірдей тәртіп орнатуға бағытталған. Оларды білмей, ақиқаттың ақ жолымен жүру қиынға соғады.
Сондай-ақ, заңды білмегендіктен жазадан құтқармайды. Сондықтан да, қазіргі таңда әрбір қызметкер, соның ішінде, мемлекеттік қызметші өзіне қатысты лауазымдық міндеттерді мүлтіксіз орындау барысында өз құқықтарын білу тиіс. Бұл үшін не істеу керек? Бар болғаны, тікелей заңға иек артуы қажет. Атап айтқанда, әдеп, нормативтік-құқықтық талап, ережелермен қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңды да жіті білгені жөн. Мұны басшылықпен бірге, қарапайым қызмет алушы халық та талап етуі керек.
Бұл мәселе Елбасының бастамасымен түрлі құрылымдық деңгейде жиі көтеріліп келеді. Әйтсе де, бұл бағытта орын алып жатқан құқықбұзушылық деректері әлі де тіркеліп отыр. «Қолыңмен жасағаныңды мойныңмен көтер» дейді халық даналығы. Ендеше, «ауруын жасырған өледі» демекші, мұны мойындамасқа лажымыз жоқ. Олай болса, оның себебі неде, салдары қандай?
Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес талаптары барған сайын күшейіп келеді. Оның түрлі тиімді әрі ықпалды жолдары таңдап алынып, мейлінше жетілдіріліп келеді. Бұл орайда, тиімділіктің төте жолы – ең алдымен қоғамдық орындар мен әр мекемеде жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Осы ретте, бастапқы тәрбие отбасы мен мектеп партасынан басталады. Сол арқылы заңды меңгеру мен орындау мәдениеті қалыптасады.
Жасыратыны жоқ, күнделікті қызмет барысы мен тәжірибеден көріп жүргеніміздей, әр заңды білу, меңгеру және оны мүлтіксіз орындауды қамтамасыз етудің арасы жер мен көктей болып көрінеді. Ақыры, халыққа қызмет көрсетуге келгенде, қателікке жол беріліп жатады. Міне, алдағы уақытта осындай олқылықтардың орнын толтыруымыз қажет. Ал, олай болмаса, қайтпек керек? Мұның арты жауапсыз маманның өкінішіне әкеліп соқтырады. Сөйтіп, қателікке бой алдырған қызметкер «бір секірдім – құтылдым, екіншісінде тұтылдым» дегеннің кебін киеді.
Міне, менің заңды білмегендік жауаптылықтан құтқармайды деп отырғаным да сол. Біздің ұжымда да міндетті заңдар мен нормативтік-құқықтық құжаттарды игеру, оларды сауатты қолдануға үйрету мен ұдайы машықтандыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң талаптарын сауатты түрде орындау талап етіледі. Бұл бағытта, көрнекі құралдар мен жадынамалар жиі жаңартылып, көпшілік орындарға ілініп отырады.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызмет көрсету аясында цифрландыру, яғни, электрондық жүйелерді қолдану, жаңа заманауи технологияларды енгізу, олармен жұмыс істейтін мамандардың шеберліктерін шыңдау жұмыстары кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Сол сияқты, тұрақты түрде тестілеулер, түрлі байқаулар мен семинар-тренингтер де өткізіліп келеді.
Жалпы, барша ел азаматтары болып, яғни, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жемқорлықты жою жолдарын іздестіре аламыз деп ойлаймын. Өйткені, бұл бір ғана жауапты маманның немесе тиісті басқарма өкілдерінің атсалысуымен ғана шешілетін іс емес. Бұл – бүкіл қоғамның бас біріктіруімен жүргізілетін күрес. Осыны естен шығармаған абзал.
Демек, жауапкершілік жүгі де барлық азаматтарға теңдей тиесілі деп түсінген жөн. Міне, сонда ғана, ХХІ ғасырдың қоғамдық дертіне тойтарыс беріп, бетін қайтара аламыз. Қалай болғанда, бұл мәселе Елбасы мен Үкіметтің тікелей бақылауында болады деген сөз. Ендеше, бәріміз де оң іске ортақтасып, жауапкершілік жүгін жұмыла көтерейік дегім келеді.
Қорыта келгенде, тағы бір жайтты атап өткім келеді. Атырау облысы бойынша қазынашылық департаментімен жемқорлық әрекеттерінің орын алу себептерін анықтап, оның алдын алу мен болдырмаудың барлық шараларын қарастырып келеді. Осы және өзге де жұмыстар мен өзара ізденіс нәтижесінде өткен кезеңде сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол берілген жоқ. Игі үрдіс осы жылы да заңды жалғасын табады деп сенім білдіремін.

Жасұлан ӨТЕШОВ,
Атырау облысы бойынша
қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button