З.Қабдоловтың 90 жылдық мерейтойына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті (ФОТО)
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінде академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Зейнолла Қабдоловтың 90 жылдық мерейтойына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Академик З.Қабдоловтың ғылыми мұрасы және қазақ әдебиеттану мәселелері» тақырыбындағы шараға ғалымның Астана мен Алматыдан ат арытып жеткен үзеңгілес інілері, шәкірттері мен ұрпағы қатысты. Ал, студенттер мен жастар «Тау тұлға» деректі фильмінен академиктің өмірі мен шығармашылық жолына қанықты.
Ұлы ұстазды ұлығылауға арналған ұлағатты кештің шымылдығы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Тәлтеновтың сөзімен ашылды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова да аталған конференцияға қатысушы ғалымдарды, зиялы қауым өкілдері мен студенттерді құттықтай отырып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасов, «Академик З. Қабдоловтың әдеби қисындары туралы» баяндама жасады:
«Жиырмасыншы ғасырдың 50-ші жылдары әдебиет әлеміне, дәлірек айтқанда, әдебиет туралы ғылымға бір топ жас жігіттер келді. Олар әр түрлі жолмен келді. Бірі әуелде ақын болып бастады, енді біреулері сыншы болып көзге түсті. Бұлар кімдер десек, биыл туғандарына 90 жыл толып отырған, алайда, бүгінде арамызда жоқ Мүсілім Базарбаев, Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдоловтар болатын. Осы үркердей шоғырдың біреуі ғана Серік Қирабаев ортамызда аман-есен жүр. Оған да шүкірлік етеміз.
Әділін айтсақ, бүгінгі ұлттық әдебиеттануымыздың керегесін көтеріп, нағыз ғылымға айналдырған осы топ. Ойымызды дәлелдейік.
Бұл кісілер ғылымға келген кез — өте бір қиын да, күрделі уақыт еді. Отан соғысы аяқталып, ел енді ғана ес жия бастаған кез еді. Бұл — бір. Екіншіден, 1946 жылдан бастап, гуманитарлық, қоғамдық ғылымдар үлкен қыспаққа алынған-ды… …Осындай алмағайып мезгілде қазақ әдебиеті бойынша оқулық жазуға осы бір топ әдебиет сыншылары жұмылдырылды. Олар бұл міндетті ойдағыдай орындап, өздерінің білімі мен білігін көрсете алды. Кейін олар ғылымға бет бұрып, оған да зор үлес қосты. Осы топтың қалың ортасында Зейнолла Қабдолов та болды. Ол да алғашқы оқулықтарды жазуға қатысып, кейін ғылымға ойысты. Ол әдебиет теориясына маманданып, үлкен монография жазды. Бұл «Әдебиет теориясының негіздері» деген атаумен 1970 жылы жарық көрді.
Кейін бұл еңбек филология факультетіне арналған негізгі оқулыққа айналды»,-деп бастаған академик Сейіт Қасқабасов, Зейнолла Қабдоловтың әдебиет теориясы туралы айтқан пікірлеріне өзіндік талдау жасады.
«…Екінші ұстаз (бұл жерде баяндамашы әл-Фарабиді айтып отыр, автор) қалыптастырған қағиданы дамыту арқылы Зейнолла Қабдолов әдебиеттің басты заңдылығын анықтады. Әдебиет — халықтың ақыл-ойының, ар-ожданының бейнеленуі екендігі, ал, халықтың ақыл-ойын, абыройын, ар-ожданын шынайы бейнелеу ардың ісі екендігі, әдебиеттанудың халықтың ақыл-ойы, абыройы, ар-ожданы жайындағы ғылым екендігі туралы қағидалар жүйесінің негізін қалады. Оны біз әдебиеттанудағы Зейнолла Қабдоловтың заңы деп білеміз. Бұл, әрине, И.Кеплердің заңдарынан қымбат емес, И.Ньютонның заңдарындай құнды емес. Бірақ ол И.Кеплердің заңдарынан ардақты, И.Ньютонның заңдарынан аяулы. Олай болатын себебі — Кеплер мен Ньютонның заңдары табиғат жаратылысы туралы білімге негізделген және табиғатта әу баста бар.
З.Қабдолов заңының, сол заң аясында орындалған зерттеу еңбектерінің әдіснамалық ерекшеліктерінің енді бірі — ғалымның талдаулары мен жинақтауларының, тұжырымдары мен қағидаларының мақсаттылығы мен бағыттылығында. Ғұлама белгілі бір іргелі мәселені саралауы мен сараптауы барысында жаңа бір мәселелердің бетін ашып, белгілі бір қағида негізінде басқа бір жаңа қағиданың өзегін өріп отырады.
…З.Қабдолов зерттеулерінде күрделі құбылыстардың сипаттары мен қасиеттері туралы идеялар, теориялық қағидалар әрекетшіл қызметі деңгейінде дәйектеледі. Ғалым зерттеулерінің әдіснамалық негізінің тағы бір ерекшелігі осында: онда теориялық қағидалар жалпы белгілерге емес, басты сипаттар мен қасиеттерге негізделеді, тәжірибелік аяда емес, теориялық ойлау кеңістігінде тұжырымдалады»,-деді «Зейнолла Қабдоловтың заңы» еңбегінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев.
Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмат Тілепов өзінің «Қарымды қаламгер З.Қабдоловтың шығармашылық әлемі» баяндамасында былай деді:
«…Зейнолла аға сан қырлы талант болатын. Ол — ақын, ол — драматург, ол — романист, ол — публицист, ол — аудармашы, ол — әдебиет сыншысы, ол — әдебиеттану ғылымының санаулы сардары, көш бастаған көсемі, ел ұйып тыңдайтын шешені.
Оның 1949 жылы күллі қазақ ақындары қатысқан аламан бәйгеде топ жарып келуі қапысыз ақындығын көрсеткен болса, 1969 жылдан бастап ұзақ уақыт бойы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театры сахнасында қойылып, Серке Қожамқұлов, Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Мүлік Сүртібаев, Шахан Мусин, Қамал Қармысов, Зәмзәгүл Шәріпова, Есболған Жайсаңбаевтар сынды қазақ өнерінің ылғи бір жайсаңдары ойнаған «Сөнбейтін от» драмасы, оның үлкен драматург екеніне кепілдік береді. Сондай-ақ, сол театрда өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында көрермендерін көзайым еткен Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесасының тәржімасы мен ертерек кезде А.Пушкин, Н.Гоголь секілді қуатты сөз шеберлерін ана тілімізде жазылған шығармадай сөйлетуі оның ерекше аса зор қуатқа ие аудармашылығына дәлел.
Ал, проза жанры шебері екендігіне оның ширек ғасыр өмірін арнаған «Ұшқын» (әуелгі повесть түріндегі атауы «Өмір ұшқыны»), «Жалын» атты романдары, яки, «Біз жанбасақ» деген атпен басылып келе жатқан дилогиясы куәлік етеді»,-дей келіп, жазушының шығармашылық әлемін жүйелі түрде талдады.
«… Табиғат Қабдоловты сөз зергері етіп жаратқан. Оның үстіне ақыл-ойдың жарық жұлдызы, ұлы суреткер Әуезовтің шәкірті. Ол «Менің Әуезовім» роман — эссесінде Шыңғыс Айтматовты «Күллі дүниенің құпия сырын аңдаған көсем көкіректегі көреген көзге» теңейді. Шын мәнінде, өзі де — ақылдың, ойдың, жақсының көзі.
Әуезов кемеңгерлігі туралы толғаныстарында «Ұстаздық — ұлы нәрсе! Ұстаздық ету — өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау», «Әуезовтің әр лекциясы — бір-бір оқулық, бар лекциясы — ұлан-ғайыр ұлы мектеп»… дейтін түйдекті, түйінді пайымдаулары — білім, сана, ұғым, талант дүниесін нұрландыратын рухани құндылықтар»,- деп толғанды «Сұлулық пен ізгілік сабақтары» атты баяндама жасаған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов.
Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зинол-Ғабден Бисенғали «Зейнағаның әдеби стиль туралы толғамдары» баяндамасында академик Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» монографиясының айрықша маңыздылығын баса айтады. Ал, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы-эссеист Мақсат Тәж-Мұрат «Өз жерінде әулие бар» еңбегінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп өзінің «Әуезовтің Қабдоловы немесе ұстаз бен шәкірт әлемі» баяндамасында, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университеті Ә.Кекілбаев атындағы ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп «Жастарды жігерлендірер туындылар» мақаласында ұлы ұстаз, қарымды қаламгердің адами, рухани тұлғасын толық ашты.
«З.Қабдолов және қазақ әдебиеттануының өзекті мәселелері», «З.Қабдолов: Сөз өнері және рухани жаңғырудың қоғамдық мәні», «Тіл және әдебиетті оқытудың әдістемелік негіздері» тақырыбында үш секциялық жұмыстар өтіп, баяндамалар оқылды. Ол қорытынды кеңейтілген мәжіліске жалғасты.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ