Қызылқоғадағы құрбан айт халық көңілінен шықты (ФОТО)
Мұсылман жамағатының ұлық мерекесі Қызылқоға ауданында да ұмытылмастай болып өтті.
Алдымен айт мерекесінен бір күн бұрын Миялыдағы «Бәйтерек» мешітінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрдегі «Тегін» такси» акциясы өткізілді. Оған Миялы мен Жангелдиннің азаматтары ерікті түрде қатысып, аудан халқына тегін қызмет көрсетті.
Ал, 1 қыркүйек Құрбан айттың алғашқы күні Миялыдағы, Сағыздағы, Мұқырдағы мешіттерде айт намазы оқылып, артынша аудан халқы құрбан шалу рәсімін бастап кетті. Мереке қарсаңында сойылған малдың еті аудандағы тұрмысы төмен отбасыларға таратылып, ауылдарда мерекеге орай түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Миялыда оқушылар арасында асық атудан жарыс өтіп, онда Ақниет Талғатұлы, Қанағат Мұратұлы, Ерназ Сәуірбай жүлдегер атанды. Ал, түске таман «Бәйтерек» мешіті ауласында тігілген киіз үйде айттық шай беріліп, онда ауыл үлкендері жастарға үлгі боларлық өнегелі әңгімелерін айтты. Берекелі отырыс артынша жұма намазбен жалғасын тапты.
Сол күні Жангелдинде дойбыдан жарыс өтіп, нәтижесінде Бекарыс Ғаббас, Ақкенже Қалыбекқызы, Гүлназ Қалменовалар шаршы тақта сайысында жүлделі орындарды өзара бөлісті.
«Қақапақты қара қазан» атанған Тайсойған ауылының халқы құрбан айттың алғашқы күні таң ата Сұлтан Уәйс ата басына барып, құран оқып, кәсіпкер Орынғали Шоттықбаев құрбан шалды. Артынша кіші аяқдоппен, арқан тартыстан жарыс өтті. Тартысты өткен аладоп аламанында «Бесқала» командасы жеңісті қанжығаларына байласа, «Тайсойған» командасы екінші, «Қайрат» командасы үшінші орынға ие болды. Ал, арқан тартысы сайысында мектеп түлектері атанатын жастардың күші барлығынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Шара соңында ауыл әкімі Әділет Шаймарданов жеңімпаздарды құттықтап дипломдар мен сыйлықтар табыс етті. Мұндай игі шаралар аудандағы барлық ауылдық округте кең көлемде аталып өтті. Құрбан айт үш күн бойы тойланатындықтан мерекелік шаралар әлі де жалғасып жатыр.