Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Қызметке орналасуда ашықтық керек

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем-қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өңірде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру бағытында нақты жұмыстарды қолға алып отыр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.  

%d2%9b%d1%8b%d0%b7%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5-%d0%be%d1%80%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%81%d1%83%d0%b4%d0%b0

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абзал Жаншабайдың айтуынша, реформалардың әрқайсысы бойынша іс-шаралар жоспары жасақталған. Соның ішінде 15 қадамнан құралған алғашқы реформа мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге арналған. Бұл ретте әр қадамның ерекшеліктерін жұртшылыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарының тиімділігін айта кеткен жөн. Мысалы, жаңа кандидаттар мемлекеттік қызметке үш сатылы іріктеу жүйесі арқылы қабылданады. Біріншісінде заңнаманы білу деңгейі бойынша тестілеуден өтсе, екінші кезең үміткердің жеке қасиеттерін бағалауға арналған. Соңғы бөлімде мемлекеттік қызметке кандидат әңгімелесуден өтеді.

— Атап айту керек, тестілеу жүйесі оңайлатылып, әр заң бойынша шектік мән төмендетілді. Осылайша, шектік мәннен өткен үміткерлердің үлесі сегіз пайызға өскен. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді оқыту, олардың біліктілігін арттыру бағытында заңнамаға өзгеріс енгізілді. Қызметкерлердің кәсібилігін арттыру бірінші басшылардың міндеті ретінде заң деңгейінде бекітілді, — деген Абзал Керімбекұлы мемлекеттік қызметкердің лауазымын өсіру де конкурс негізінде жүзеге асатынын айтты.

Бұдан бөлек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғам індетіне қарсы мәдениетті қалыптастыруда «Ашық келісім» әзірлеген болатын. Ол жемқорлыққа қарсы жұртшылықтың бірігуін көздейді және барлық азаматтық қоғам институттарын біркелкі келісім жасауға ыңғайлы механизм болып табылады. Сайып келгенде, жоба халықтың азаматтық ұстанымын көрсету үшін жасақталған. Бүгінде облыста «Ашық келісімге» барлығы 5720 жеке және 213 заңды тұлға қосылған. Мұның өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға халықтың немқұрайлы қарамайтындығын айқындаса керек.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Гүлжан Жарасованың баяндамасына қарағанда, алты мыңнан астам студент пен магистрант білім алып жатқан жоғары оқу орнының құрамы «Ашық келісімді» қолдайды. Бұдан өзге «Парасыз сессия» және тағы да басқа акциялар тұрақты түрде өткізіледі. Ал, әр сессия соңында академиялық рейтинг анықталып отырады. Білім ордасы соңғы жылдары департаментпен бірлесіп, ауқымды шараларды жүзеге асырған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел экономикасының қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнеске тексеріс азайып келеді. Кәсіпкерлікті дамытуда кездесетін кедергілер кемігенімен, әлі де жоспардан тыс бақылаулар баршылық. Мамандар «егер мемлекеттік қызмет түрлері орнымен көрсетілсе, мұндай келеңсіздіктерге жол берілмес  еді» дейді.  Брифинг барысында сөз алған Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Сәрсенбай Жолдыбаев былай деді:

– Жыл басынан бері бізге екі жүзден астам кәсіпкер арызданып келсе, оның алпыс пайызы қанағаттандырылды. Сол өтініштердің дені мемлекеттік қызметке қатысты болып отыр. Егер қызмет түрлері ретімен ұсынылса, бәрі арызсыз-ақ шешілер еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика судьяларының кезектен тыс съезінде жеке кәсіпкерлердің мүдделерін үнемі қорғап жүруді атап көрсетті. Сондықтан, жекешелендірудің екінші кезеңіне аяқ басқан сәтте бизнеске ұдайы қолдау көрсетіп отыруымыз қажет, – деді ол. Оның айтуынша, соңғы жылдары жоспарлы тексеру 45 пайызға азайыпты. Есесіне, жоспардан тыс тексеріс көбейсе, оның 30 пайызы салық орындарына қатысты. Қоғам індетіне айналған сыбайлас жемқорлық фактілерінің де кездесетіні көңілге қаяу түсіреді. Қалай болған күнде де мемлекеттік қызмет ашық әрі қолжетімді болуы тиіс. Елбасы қойып отырған басты талап та – осы.

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button