Жарнама
Жаңалықтар

Ынтымақ ырысқа бастайды

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық тауар өндірушілерді қолдау, ел экономикасын әртараптандыру, өңіраралық кооперацияны және қазақстандық қамтуды дамыту тапсырмасына сәйкес, Атырау облысына Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бастаған кәсіпкерлер  келді. Сапар аясында қос аймақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында мәжіліс өтті.

Жиын барысында Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дияс Жәнібеков шикізатқа бай, өндірісі өркендеген мұнайлы өлкедегі өнеркәсіп саласының дамуына тоқталды.

Ынтымақ ырысқа бастайды

— Мақсатымыз – шикізатқа тәуелділіктен арылып, өнеркәсіптің салаларын дамыту. Атырау облысының жер қойнауында мұнай мен газдан өзге табиғи газдар жетерлік. Өлкемізде гипс, әк тасы, құрылыс құмы, калий тұзы, кірпіш өнеркәсібі үшін саз, тағы басқа пайдалы қазбалар бар. Өнеркәсіптің әр салалары бойынша мемлекеттік индустриялдық-инновациялық бағдарлама арқылы жалпы құны үш триллион теңгені құрайтын 49 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар машина жасау, мұнай-химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларының дамуына елеулі үлесін тигізуде, — деді басқарма басшысы.

Делегацияны бастап келген Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов сол өңірдің өндірістік әлеуеті туралы айтып өтті.

— Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 49 машина жасау кәсіпорындарының ішінде 28-і мұнайгаз өнімдерін шығару және тау-кен өнеркәсібінде жұмыс жасайды. Жаңа инновацияны енгізу жұмыстары аясында сапалы өнім алуға облыста барлық жағдай жасалған. Осындай басқосу арқылы өңіраралық серіктестікті дамытуды көздеп отырмыз, — деді Ратмир Бақытұлы.

Мәжіліс кәсіпкерлердің бір-бірімен танысып, сауда-саттық, әріптестік байланысқа қол жеткізуіне септігін тигізді. Сапар аясында солтүстікқазақстандық делегация Атырау мұнай өңдеу зауытында, «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз» және «НКОК» компанияларында болып, жұмысымен  танысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суретті  түсірген:

Ерлан  АЛТЫБАЕВ.

 

Еліміздің өнеркәсіп өнімінің 20 пайыздан астамы, шикі мұнайдың шамамен 40 пайызы Атырау облысында өндіріледі. Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, ағымдағы жылдың жеті айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5 триллион теңгені құрады (нақты көлем индексі – 101,5 пайыз). Оның ішінде, тау-кен өнеркәсібі – 2,2 триллион теңге (нақты көлем индексі – 102,2 пайыз). Өңдеу өнеркәсібіндегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 261 миллиард теңге болып отыр.

Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1,1 триллион теңгені құрап отыр, соның ішінде, сыртқы инвестициялар – 669,8 миллиард теңге.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button