
Венесуэла әлем халықтарын бейбітшілікке шақырады
Венесуэла Боливар Республикасының ресми шақыруымен Қазақстан Республикасының делегациясы Каракас қаласында өткен соғысқа қарсы және бейбітшілікті қолдауға арналған халықтық саммитке қатысты.
Аталған саммиттің мақсаты — көпжақтылық қағидаттарын нығайту, халықаралық құқықты қорғау және жаһандық тұрақсыздық жағдайында бейбіт өмір сүру мәдениетін ілгерілету.
Сапар барысында қатысу жоспарланған Қазақ делегациясының құрамында: «Астана» дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі Александр Тараков, тарих ғылымдарының кандидаты Таися Мармонтова, «Eurasian Monitoring» аналитикалық зерттеу орталығының ғылыми директоры Берік Табынбаев, «KazAkform» халықаралық агенттігінің сарапшы-шолушысы және «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің шолушысы Алмас Қабдол бар.
Сапар барысында делегацияның ұлттық және халықаралық өзге де іс-шараларға қатысуы жоспарланған.

Бейсенбі күні Венесуэланың астанасы Каракас қаласындағы Антонио Хосе де Сукре атындағы «Сары үй» сарайында бейбітшілік пен адам құқықтарын қорғауға арналған «Адамзат үшін, Ғаламның тепе-теңдігі үшін» атты халықаралық форум өз мәресіне жетті.
Екі күнге созылған бұл шара аясында бейбітшілік пен адам құқықтарын қорғауға қатысты пікірталастар мен ой бөлісулер өтті.

Форумның жабылу рәсімі 40 елден келген 117 халықаралық делегацияның қатысуымен өтті және ол Азаттық күресінің көшбасшысы Симон Боливардың туғанына 242 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Осыған байланысты Боливар алаңында Антиимпериалистік форум өткізілді.
Симон Боливар халықтар арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастық институтының (ISB) президенті Бланка Экхаут барлық делегацияларға алғысын білдіріп, бұл бастама 2026 жылғы маусымда өтетін «Панамадағы Амфиктиондық Конгреске» дайындық аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.

Ұлттар қауымдастығы ұлттық университетінің (Unacom) ректоры Хорхе Арреаса форум халықтар арасындағы ынтымақтастық пен демократияны тереңдете түскенін атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстан делегациясы 27 шілде күні Венесуэлада өтетін халықаралық сайлау бақылау миссиясы аясында жергілікті мэрлер мен мәслихат депутаттарын сайлау процесіне қатысады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ