ВАТЕРПОЛШЫЛАР КҮМІСПЕН КҮПТЕЛДІ

71325920 2526690490884660 2162172088259969024 o Жаңалықтар

Atr.kz/25 қазан, 2019 жыл. Үндістанның Бангалор қаласында су спорт түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Сары құрлықтағы жас саңлақтарды жинаған байрақты су додасында бағын сынаған қазақстандық ватерполшылар тамаша ойын өрнегін көрсетіп күміс жүлдегер атанды.

Алтын жүлдеге сынық сүйем ғана қалғанда есе жіберген ел құрамасының сапында  қос атыраулық спортшы Ғани Жұмабай мен Никита Ковальчук ел намысын қорғады. Олардың өңірімізде енді-енді дами бастаған спорт түрінен сапалы ойындары арқылы көзге көрініп, ел құрамасына шақыртылуының өзі жоғары жетістік болып саналады.

            Су добын жетік меңгерген жігіттердің жаттықтырушысы Ернұр Қойлиев, бұл шәкірттерінің ел ішілік додаларда үнемі жоғары орындардан көрініп жүргендігін айта келіп:

– Бұл спорт түрі облысымызға бес жыл бұрын келген болатын. Осы аз уақыт ішінде ең алғашқы шәкірттеріміз Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгерді. Міне, енді ұлттық құрама сапында да жоғары табысқа жетіп отыр, – деді.

Мойындарына күміс медаль асынып елге оралған  жасөспірімдерді туыстары мен жергілікті спорт сүйер қауым Атырау әуе жайында салтанатты жағдайда күтіп алды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз