
Үздік отбасылар анықталды
Қазақстанда 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақстандық отбасының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде Атырау облысынан 726 отбасы қатысқан бұл байқау өңірде де кең қолдау тапқан. Биыл аталмыш жоба аясында Атырау облысында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтіп, оны облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.

Бұл байқау – елдегі отбасылық саясаттың айқын көрінісі. Оның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру және қоғамдағы отбасылық құндылықтардың маңызын арттыру.
Салтанатты жиынға облыстық комиссия мүшелері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Көрермендер назарына отбасылардың тарихы мен жетістіктерін баяндайтын бейнероликтер ұсынылды. Сондай-ақ, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов марапат иелерін құттықтап, отбасылық құндылықтардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

– Отбасы – қоғамның іргетасы. Әрбір мерейлі отбасының берекесі мен бірлігі – өңіріміздің дамуының кепілі. Бүгін марапатталған отбасылар – өз еңбегімен, ізгілігімен, татулығымен көпке үлгі. Баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – деді С.Шәпкенов.
Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша бас жүлдені Құрманғазы ауданынан Үтеповтер отбасы иеленді. Бірінші орын Махамбет ауданынан қатысқан Нұрғалиевтер отбасына берілсе, екінші орын Қызылқоға ауданының Отар отбасына бұйырды. Ал үшінші орын Жылыой ауданынан Арыстановтар отбасына табысталды.

Айта кетейік, биылғы байқауға 15 мамыр мен 15 маусым аралығында 74 отбасыдан өтінім қабылданды. Қалалық және аудандық кезеңдерде үздік деп танылған 16 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. 16 шілдеде өткен комиссия отырысында жүлделі орындар анықталып, бір отбасы республикалық кезеңге жолдама алды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ