UTEBAYEV UNIVERSITY-де Республика күні айрықша аталып өтті
UTEBAYEV UNIVERSITY-де Ұлттық мереке — Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын айшықты мереке қарсаңында еліміздегі ғылым, жоғары білім саласының дамуына зор үлес қосып жүрген профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер бірқатар марапатқа ие болды. Мерейлі марапаттарды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, университет ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Арыстаналиев пен Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова табыстады.
-Тәуелсіздік жылдары С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті еліміздің мұнай-газ саласының кәсіби мамандарын даярлауда жетекші рөл атқарды. Әлі де сол маңызды міндетінен айныған емес. Мыңдаған маман білім ордасының атағын аспандатып, биік белестерді бағындырып келеді. Университет студенттері халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасты. Зертханалар мен ғылыми орталықтардағы инновациялар білім беру бағдарламасының ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде университет жаңа зерттеулер мен ғылыми жобаларды қолға алып, ел экономикасына сүбелі үлес қосуда, — деп атап өтті Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Тәңірбергенқызы.
Салтанатты жиында Атырау облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың алғыс хаты, Атырау қаласы әкімінің алғыс хаты, «Мұнай-газ-химия» Қауымдастығының, Энергетика министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғыс хаты мен құрмет грамоталары, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Тіл жанашыры» Құрмет дипломы; «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломы табыс етілді. Профессор Мәншүк Баймұхашева «Мұнай-газ-химия» Қауымдастығының – Мұнай-газ-химия саласының еңбек ардагері» медалімен, Искакова Сандуғаш Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, Нұрсұлтанова София «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.