Университет 4 күнде 26 мың қап толтырды
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қызметкерлері мен ерікті студенттері Жайық өзені арнасын бекіту жұмыстарын үздіксіз жалғастыруда. Үш ауысымдағы бөгет тұрғызу жұмыстарына күнделікті екі мыңға жуық ерікті студент және қызметкерлер қатысуда. Ұжым соңғы 4 күнде 26 мың қапқа топырақ толтырған.
Атырау облысында құрылған жедел штабтың нұсқауымен университет қала іргесіндегі Алмалы елді мекенінде судан қорғайтын биік бөгетті бекітеді. Аталған аймаққа көмекке келген «JM Capital» мекемесі техникалары мен мамандары да бөгет тұрғызуды тәулік бойы жүргізіп келеді.
–Атырау облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл – қарғын судың қалаға төндіретін қауіпіне қарсы қарқынды және нәтижелі тойтарыс беруге мүмкіндік береді деп есептеймін. Біз қауіпті алдын ала болжап, одан келетін орасан зор зиянды болдырмау үшін тасқынға жүйелі әрі берік қорғаныс жасауымыз керек. Біз біріксек үлкен күшпіз! Отаншыл, рухты және ынтымақты ұжым сіздермен бірге екендігін мақтанышпен айта аламын, — деді Х.Досұхамедов университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов.
Университеттің жедел штабы студенттер мен қызметкерлерге қажетті құрал-сайманмен қамтасыз етіп, жылы шатырлар тігіп, ыстық тамақ дайындап, тасымалдаушы автобустарды қалтықсыз ұйымдастыруда.
Айта кетейік, аталған ұжым межелі уақытта жедел әрі тасқынға берік бес шақырымға созылған бөгет жұмысын аяқтау керек болса, оның қазірге дейін бір мың жарымға жуығын бітірген.
Мәлике МӘЛІК