
Ұлы дала үні
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық Домбыра күніне орай «Ұлы дала үні» атты өнер мектептерінің концерті өтті.
Концертке «Қарақат», «Айман-Шолпан», «Қайрат Нұртас», «Номад», «Алтын Жұматина», «Жібек жолы», «Дархан», «IQ Zeyin», «Сәттілік», «Jas Daryn», «VIRTUOSO» өнер мектептерінің оқушылары қатысып, қазақтың төл өнерін дәріптейтін күй мен әндерден көрерменге ерекше әсер қалдырған концерттік бағдарлама ұсынды.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты домбыраға деген құрметке тәрбиелей отырып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, рухани бай, мәдениетті ұрпақ қалыптастыру.
-Домбыра – ұлтымыздың рухы. «Ұлы дала үні» арқылы жас ұрпақтың бойына күйдің құдіретін сіңіріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді мақсат еттік. Балалардың өнерін қолдап келген баршаңызға алғыс айтамыз,- деді шығармашылық орталық басшысы Ардақ Саясатқызы.
«Ұлы дала үні» концерті ұлттық домбыра күніне арналған рухани мазмұнды мерекеге айналып, жас өнерпаздардың өнерін көпшілікке танытты. Көрермендер қазақтың күйі мен әуенін тыңдап, ұлттық өнерден рухани азық алды. Шара балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, домбыраға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етті.
Тоғжан ЕРМЕК