
Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті
Атырауда Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік кеш жоғары деңгейде өтті. Сұлтан Бейбарыс алаңында өткен мерекелік концертке халық көп жиналып, ұлттық өнерге деген құрметін көрсетті.

Сахнада Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мен Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» оркестрі өнер көрсетті. Сонымен қатар «Даму бала» мемлекеттік бағдарламасы арқылы домбыра үйірмесіне қатысатын бес мыңға жуық бала күй орындап, «Меруерт» пен «Айгерім» би ансамбльдері ұлттық кештің көркін ашты.

Мерекелік кеш балалардың «Нар ағашы» күйін орындауымен басталып, кейін бас дирижёр Болат Долдашовтың жетекшілігімен және қос оркестрдің сүйемелдеуімен «Балбырауын» күйі орындалды. Одан кейін сахнада республикалық байқаулардың лауреаттары Бақытбек Сәрсенов, Берік Амантай, Жасұлан Базарбаев, Болатбек Құбашев дәстүрлі ән өнерін орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін оркестр мен халықаралық конкурстар лауреаты «Інжу-Маржан» би ансамблі бірлесе орындап, көрермендерге рухани қуат сыйлады. Би ансамблінің жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Гүлвира Тұрақбаева, ал оркестрге Мәдениет саласының үздігі Сая Жұмашева дирижерлік етті.

Кештің құрметті қонақтары болып республикаға белгілі өнер жұлдыздары «Алашұлы» тобы сахнаға көтеріліп, «Батырлар», «Сайгүлік», «Махамбет», «Киелі мекен», «Жүрегім қазақ», «Пай пай», «Тұраным», «Атамекен» әндерін орындады.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жиналған халықты мерекемен құттықтап, домбыраның қазақ рухының айнасы екенін атап өтті:
-Қазақтың күй өнері – халқымыздың жан сыры, рухани азығы, тарихы мен тұрмысын музыка тілімен сөйлететін құндылық. Домбыра үні барда қазақ өнері жасай береді, – деді ол.

Концерттің соңында жүргізушілер домбыраның ұлт рухын көтеретін киелі аспап екенін атап өтіп, халқымыздың бірлігі мен берекесі артып, ел амандығы мен өнеріміздің өрісі кеңейе беруіне тілектестік білдірді.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ