Ұлттық брендті қалай қалыптастырамыз?
Жапондар «Toyota» көлігімен, кәрістер «Samsung» тауарларымен, грузиндер шарабымен мақтанады. Қазақстанда да елді танытатын брендинг жасауға мемлекет тарапынан қолдау тетіктері қарастырылған.
Сондықтан «Кәсібім – нәсібім» дейтін іскер адам бизнестегі ең құнды дүние бренд, яғни тауар таңбасы екенін түсінуі керек. Кәсіптен түскен табыс та, тауар тұтынушылар сұранысына ие болып, танымал болғанда артатыны белгілі.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің қатысуымен өткен семинарда зияткерлік меншік объектілері «географиялық нұсқама», «тауар шығарылған жерлердің атаулары» және «селекциялық жетістіктер» терминдері талқыланды.
Басқарма басшылары, аудандық және ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлерге арналған семинарда аталған зияткерлік меншік объектілері туралы ақпарат түсіндірілді. Модератор Атырау облысы әділет департаментінің басшысы Асулан Каримов зияткерлік меншік құқықтары мен географиялық көрсеткіш ұғымына тоқталды.
–Географиялық көрсеткіштерге тамақ өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер заттары және тағы басқа тауарлар кіреді. Оның ең негізгі талабы – тауар шығарылған жердің атауын сол тауарға тіркеу. Осылай тіркеу арқылы отандық өнімдер әлемге танылады. Қазіргі уақытта елімізде «географиялық нұсқама» объектісі ретінде бес өнім тіркелген. Бұл тарихы мен дәстүрге бай ел үшін тым аз көрсеткіш.Мысалы, «Алматы апорты» осы «географиялық нұсқама» объектісі ретінде тіркеліп отыр. Бұған таяуда Маңғыстау облысында «Адай» жылқысының айрықша құқығын растайтын селекциялық жетістікке патенттелгенін де қосуға болады. Бұл өңірлер арасындағы бәселестікті дамытуға мүмкіндік береді, — деген департамент басшысы тұрғындар арасында тіркеу талаптарына сай келетін зияткерлік меншік объектісі болған жағдайда заңдастыру керектігіне назар аударды.
Бейбайланыс арқылы қосылған Ұлттық зияткерлік меншік институтының Өнертабыстар мен селекциялық жетістіктерді формалды сараптау басқармасының бас сарапшысы Әділхан Уромбаев «селекциялық жетістіктерге патент алуға өтінім алдын-ала сарапталады» дейді. Яғни, «Казпатент» мекемесіне тіркелгеннен кейін зияткерлік меншік объектісінің авторына қорғау құжаты беріледі, ол куәлік немесе патент түрінде болуы мүмкін.
Аталған институттың Тауар белгілерін және тауарлар шығарылған жерлердің атауларын сараптау басқармасының бас сарапшысы Арайлым Ильясова зияткерлік меншіктің заңдылығына тоқталды. Сарапшының айтуынша, Қазақстан Республикасында географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары құқықтық тұрғыдан қорғалады.
Департаменттің Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Сағындық Абилхайровтың айтуынша, тауар белгісінің, қызмет көрсету белгісінің, тауар шығарылған жер атауының немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану туралы арыз негізінде тексерулер жүргізілген.
–Қазір нарықта контрафактілік өнімдер жиі кездеседі. Ал, олардың адам өмірі мен денсаулығына зиян тигізу қаупі жоғары екені белгілі. Былтыр департаментке түскен екі арыз бойынша 208 данаконтрафактілік айғақ зат тәркіленіп, жойылды. Құқықбұзушы кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынды, — деді спикер.
Бұл бағытта «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, облыстық полиция департаменті, облыстық экономикалық тергеу департаменті меморандум аясында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруда.
Сонымен, ғылыми жаңашылдық, ерекшелік, біртектілік, тұрақтылық сияқты патенттік критерийлерге сәйкес тауар болса, оны заңдастырып ұлттық брендке айналдыруға мүмкіндік мол.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ