Ұлттың ұлылығы – тілінде
Тіл – ұлттық қазынамыз, бабалар аманаты. Мемлекетіміздің тұғырының мықты болуы да осы тілге байланысты. Адамның ұлттық рухы мен намысы оның тіліне деген құрметтен басталады. Ата Заңымызбен қорғалатын ана тілімізге деген біздің әрқайсымыздың жанашырлығымыз ойдағыдай деуге ертерек. Себебі, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған оң идеялар көп те, нәтиже әлі де болса аздау. Дегенмен, арнайы мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылданып жүзеге асырылуда. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойланар сәтте де ана тіліміздің абыройын асқақтату үшін оңды шаралар жалғасын тауып келеді.
Елбасымыздың тілге жанашырлығы оның әр қадамы- нан сезіліп, халық тарапынан әркез қолдау тауып отыр. Тек оны орындау жолындағы әр қазақтың намысы мен рухы, жігері жетіспеуде. Тіліміздің әлемдегі тілдер арасынан ойып тұрып орын алуы – баршамыздың арманымыз. Ең бастысы, қазіргі жаһандану кезінде ана тіліміздің жойылып, жұтылып кетпеуі үшін күресуіміз керек. Тағы бір тоқталар жайт, еліміздегі үш тілді оқуға көшу мақсаты. Бұл болашақта ұрпақтарымыз білімді де білікті ержетуі үшін аса қажет. Бірақ, оған асығыс қадам жасауға болмайды. Ана сүтімен берілетін ұлттық тілімізді меңгеру әр қазақтың ата-баба аманаты екенін жадынан шығармауы парыз десек қателеспейміз. Сонымен қатар, елімізде тұратын барлық басқа ұлттар мен ұлыстардың, диаспоралардың өкілдері де мемлекеттік тілімізді үйренуі керек. Бұл елге, жерге және мемлекетімізге деген құрмет болып табылады. Бұл жерде Қазақстанда тұратын ешбір ұлтқа өкпе айтуға болмайды. Олар барынша мемлекеттік тілімізді үйренуге талпыныс танытып-ақ келеді. Ең басты мәселе – өз қандастарымызда, олардың ана тілін үйренуге деген ұмтылысы төмен. Қай ұлтты алып қарасаңыз да олар өз отбасында өз тілдерінде түсініседі, өз тілдерінде сөйлеседі. Тек қазақтар ғана басқа тілге әуес-ақ. Мұны кешегі кеңестік кезеңге жауып жатады. Дұрысында, тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толып жатқанда бұлай деуіміз ұят. Тіл – мемлекеттік, ұлттық құндылығымыз. Құндылықтарымызды қастерлей отырып, тереңдету, оған сүйіспеншілікті қалыптастыру – отаншылдық пен қазақстандық патриотизмді оятады. Мұны тілдерді дамыту басқармалары мен тіл жанашырларының мойнына жүктеп қойғаннан іс бітпейді. Ол әр қазақтың,әр қазақстандықтың ортақ ісі екендігін ұмытпайық.
Менің ойымша жоғарыда айтқанымдай үштілділікті енгізуде асығыстыққа салынудың жөні жоқ. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында ана тіліміз әлі өзінің толық мәртебесін алып болған жоқ. Бірақ, Елбасы армандаған қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейтін кезге де жақындап келеміз. Мәңгілік ел атану үшін де қазақ тілінің рухы асқақ болуы тиіс. Мәңгілік елдің тілі – қазақ тілі – ана тіліміз болуы шарт. Тіліміз жойылса ұлтымыз, мемлекетіміздің жойыларын әр қазақ, әр қазақстандық жүрегімен түсінер шақ туды. «Қазақ тілі» қоғамдары мен ұлт зиялылары осы жолда тынбастан жұмыстанып келеді. Облысымызда бұл бағытта өрелі жұмыстар атқарылып жүр. Түрлі байқаулар өткізіліп, онда тіл мәртебесі алғы кезекке қойылып, жастар белсенділігі жоғарылай түсті. Абай, Махамбет, Оралхан оқуларын өткізу дәстүрге айналды. Тілді насихаттауға, «Тіл туралы» Заңның жүзеге асырылуына және мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің қоғам өмірінің бар саласына дендеп еніп, толыққанды қызмет етуіне ықпал етіп жүрген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен бірігіп, түрлі бастамалар мен тілге қатысты шаралардың ұйымдастырылуына да белсене араласудамыз.
Тіл – достықтың, ынтымақтың, береке-бірліктің бастауы, ұлттар арасындағы алтын көпір. Ұлттың ұлылығы ұлттық құндылықтарымызда десек, оның ең қастерлісі – тіл екенін әркім жете сезінсе деймін.
Әбілхан ТӨЛЕУІШОВ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы,
«Тіл жанашыры» белгісінің иегері.