Ұлттық ойындар ұлықталған күн
Atr.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Мұнайлы өңір саналатын Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында «Барыс» балалар және жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен «Ұлттық ойын – болашақтың мұрасы» ұранымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында ұлттық ойындар сайысы өтті.
Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау және оқушыларды ұлт жандылыққа тәрбиелеуді мақсат тұтқан жарысқа аудан мектептерінен 140-қа жуық оқушы қатысты. Аталмыш доданың ашылу салтанатында самбо және дзюдо күресінен халықаралық дәрежедгі спорт шебері, дзюдодан ардагерлер арасында әлем чемпионы Аманбай Қыздарбаев, суға жүзуден Әлем кубогінің ІV дүркін жеңімпазы, Индонезияда өткен ІІІ Паразияда ойындарының екі дүркін жеңімпазы Ержан Сәлімгереев өздерінің жүрекжарды тілектерін айта келе, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық ойынымыздың асық ату, мәлік тебу, қой көтеру, арқан тартыс, білек күшімен сынасу, кір тасын көтеру, аударыспақ, белдесу, тартыспақ, тоғызқұмалақ, бұқа тартыс тәрізді түрлерінен болған қызықты жарыс қорытындысында үшінші орын аудандағы Х.Наубетов атындағы орта мектеп оқушыларына бұйырса, екінші жүлдені Өркен орта мектебінен келген балғындар иеленді. Ал, басты жүлдеге Абай орта мектебінің спортшылары лайықты деп танылды. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға бағалы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ