ҰЛТТЫ СҮЮ – ҰЛТШЫЛДЫҚ ЕМЕС
Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл. Әр халықтың айбыны өзінің тілі ғой. Оны шынайы сезіну, бағалай білу – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ парызы. Тек соларға таза күйінде табыс ету керек.
1.Санадағы сілкініс
Кезінде Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен мемлекеттік тілде сөйледі. Таяуда Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов Санкт-Петербургте Әлия Молдағұлова ескерткішінің ашылу салтанатында қазақша құттықтау сөзін айтты. Соның бәрі, әрине, мақтаныш. Әйтсе де, түйткілді мәселелер де аз емес.
Толғауы терең тарихымызды таразыласақ, 1917-1933 жылдары қазақ халқының басынан үш дүркін алапат аштық өткен екен. Соның салдарынан 4,5 млн. адам опат болыпты. Ал, табиғи ықтимал өсімді есептегенде, он миллиондай қандасымыздан айырылыппыз. Осының өзі тұтас ұлтымызға жасалған қастандық. Тілімізді тұқыртуды осылай да бағамдаған жөн. Өйткені, жұрт жаппай құртылса, тіл кімге керек?
Ұмытқаным жоқ, сонау жылы Атырауға Елбасы келді. Оның қатысуымен ұйымдастырылған алқалы басқосуда бір ақсақал жиналыстардың орысша өтетіндігіне реніш танытты. Сол кезде облысты басқарған әкім қазақшаға шорқақтау еді, оның баспасөз хатшысының да ана тілінде сөйлегенін өз басым көрмедім. Қадірменді қарт соны меңзесе керек. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы әлгі ардагерге қарап, «Осы жерде тұратындардың 97 пайызы қазақ екен. Сонда бірбіріңмен өз тіліңде сөйлесуге не кедергі? Әлде мен жарлық шығарып берейін бе?» деген-ді.
Расында да, не кедергі? Қазақ пен қазақ өз тілінде шүйіркелессе, басқа жан айып санай ма? Өткен ғасырдың тоқсан алтыншы жылындағы Желтоқсан оқиғасынан кейін көп ұзамай Алматыға қысқа мерзімді радиожурналистер курсына барғанбыз. Көптен бері ат ізін салмағандықтан кейбір көшені ұмытып қалыппыз. Содан кездескен қазақ қыз-жігіттерінен жөн сұраймыз. Ана тілін ұмыта бастаған кез ғой. Сонда әлгілер қолмен сілтеп, шұбарлана сөйлеп, әйтеуір түсіндіріп жататын. Әке-шешесі орысша тәрбиелесе, енді қайтсін. Олардың бетін қазақ тіліне қайта бұрған ұлтын сүйген тұстастарының алдыңғы әрекеті еді.
Тағы бір серпіліс – 1989 жылы қабылданған «Тіл туралы» Заң. Оған да биыл тура 30 жыл толады екен. Оның бер жағында қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Бөркімізді аспанға ата қуандық. Алайда, әлі де «әттеген-ай» аз емес. Жалпы, мемлекеттік тіл – сол елде қанша ұлт өкілдері тұрса да жоғары мәртебеге ие тіл. Өзге халықтың тіліне нұқсан келтірмей, осы саясатты ұстану қажет. Яғни, барлық іс қағаздары алдымен мемлекеттік тілде жүруі шарт. Сайып келгенде, мемлекеттік тіл әрдайым мемлекеттің қорғауында болады.
Тәуелсіздік алғалы бері тілге қатысты талай заңдылық қабылданды. Мәселен, 1993 жылғы тұңғыш Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Ал, 1995 жылғы толықтырудан соң орыс тілі ресми аталып, қатар қолданысқа енді. Содан соң 1996 жылғы 4 қарашада Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасы» мақұлданды.
Міне, содан бері республикада ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет, тіпті ауырлау айтылатын техника саласын да мемлекеттік тілге көшіру кезеңі басталды. Еш нәрсе ұмыт қалмағандай. Әйтсе де, осы орайда көпұлтты және көптілді түсініктерін түпкілікті ажырату қажеттігі туындап отыр. КСРО – он бес республиканың қосындысынан пайда болған одақ. Оған әр ұлт өзінің тілімен, әдебиетімен, дәстүрімен, тарихымен енді.
Рас, ресми айтылмаса да, Мәскеу тілі биік мәртебеге ие еді. Одақтың ақшасында да, гербінде де орыс тілі бас әріппен жазылып, өзгелері жай әріппен тізілетін. Жанары нашар көретіндер көзілдірікпен әрең ажырататын. Мұның бәрін аға ұрпақ ұмытпаған шығар. Югославия да осындай құрылым болды. Кейін екеуі де тарағанда өз алдына шаңырақ көтерген әр ел тілін де, әліппесін де түзеп алды. Академик Рәбиға Сыздықованың пікірінше, кішкене кезінен үш тілге қатар баулынған балада ана тіліне деген ұғым болмайтын көрінеді. Сірә, сәби шағынан қайсысы төл тілі екендігін білмейтін шығар. Обал-ақ.
Әрине, Елбасы айтқан үш тұғырлы тіл қажет. Оны меңгерсек, әлем аспанына қол созамыз, өркениет өріне ұмтыламыз. Өзгелермен тереземіз теңеледі. Әлемнің ең озық 100 кітабын қазақшалау да осындай ұмтылыстан туындады. Әйтсе де, бесіктен белі шықпаған балаға басқа тілді күштеп тықпалау қалай болар екен? Бұған кейбір ғалымдар қарсылық танытып отырғанда, министрліктегілер ойланбас па? Әлде тағы да үйреншікті әлемдік тәжірибені алға тарта ма? Бірақ, көлемі жөнінен кішкене ғана Люксембургте бүлдіршіндер төрт жастан бастап ана тілін тегін оқиды. Содан екінші сыныпта француз, ал, алтыншыда ағылшын тілін меңгере бастайды. Ақырында бәрін де қамтып шығады. Демек, санаға сәби шағынан салмақ салмау керек. Кешегі кеңестік кезде де шет тілі бесінші сыныптан оқытылған жоқ па?
Итальяндық «Ренко» компаниясының президенті Ренальдо Гаспари бұдан бесалты жыл бұрын «Мен әлемнің 141 елін аралаған жанмын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған халықты көрдім. Ол қазақ халқы екен» деп жазыпты. Әрине, әркімнің өз пікірі өзінде ғой. Бірақ, шетелдік берген бұдан артық масқара баға болар ма? Кеңестік кезде Мәскеудің ықпалы шығар. Ал, егемендік алғанымызға ширек ғасырдан асқан жоқ па? Кімнен жасқанамыз, неден тайсаламыз?
Қазақстанда халық тығыздығы бір адамға шаққанда 6,64 шақырым. Әлемдік рейтингіде 180-ші орындамыз. Ен даланы еркін еңсеру үшін көп болуымыз шарт. Кемеңгер Ғабит Мүсірепов «Біз жайылсақ – жоқпыз, жиылсақ – көппіз» деген екен. Расында да, ауа жайылып жүрген жоқпыз ба? Көршілес Ресей халық санын көбейтуге бағытталған нақты шараны жоспарлап отыр. Яғни, мұнда толыққанды отбасылармен келісім жасалмақ. Сол бойынша саулығы дұрыс әйелдерге бала туу міндеттеледі және үшінші нәрестеден бастап сәби күтімі мемлекет мойнында болмақ.
Рас, бізде де қолдау бар. Бірақ, жұмыста жоқ ерлі-зайыптылардың бір жасқа дейінгі бөбегіне берілетін жәрдемақы тым мардымсыз. Сондықтан, жастар алдымен қызметке орнығуды көздейді. Содан соң ғана отбасын құрады. Бұған уақыт төзе ме? Сәбилі болар шақтан қашықтап кетпей ме? Қазіргі қолға алынған көпбалалы және мұқтаж отбасыларды қолдау шарасы нақты нәтижесін бергенін қалар едік. Сайып келгенде, мұндай жағдай қазақ балаларын тәрбиелеуде көбірек көрініс беріп отыр. Олар тіліміздің тізгінін ұстар келешек иелері емес пе?
Қазақ мектептерінің көбейгеніне, әрине, қуанамыз. Бірақ, осы оқу орындарын тәмамдағандар ұлттық ұғымдарға барынша қанығып жатыр ма? Атадан балаға мирас болған дәстүрді дұрыс біле ме? Егер мектептен басқа жерде орысша сөйлесе, санасына түк сіңбегені анық. Демек, қабылданған сансыз бағдарламадан, өткізілген есепсіз шарадан еш қайтарым жоқ па? Ал, соның бәріне қыруар қаражат жұмсалды емес пе?
Бұдан 80 жыл бұрын Валерий Чкалов бастаған экипаж Америкаға ұшқанда ұшқыштардың ешқайсысы ағылшын тілін білмейді екен. Ал, соғыстың алдында КСРО құрамында Поволжьеде немістердің тұтас автономиясы болғанымен, осы тілден аудармашылар жетіспеген. Кейін жұртты жаппай немісшеге оқыта бастағаны соншалық, ол басымдық алып кете жаздаған. Содан мұны күрт тоқтатып, ағылшыншаға ауыстық. Қазір де оқып жатырмыз.
P.S. Аймақта өзге ұлт өкілдерінің байқаулары тұрақты өткізіліп жүр. Әр жылы жаңа қатысушылар сахнаға шығады. Рас, солардың дені – осы жердің түпкілікті тұрғындары. Қазақ балаларымен бірге өскен. Демек, ана тілімізді алдымен өзіміз қастерлесек, оны өзгелері де жатсынбайды екен. Ұлт пен ұлттың жақындасуы да осыдан тумай ма? Шындығында, ұлтты сүю – ұлтшылдық емес. Егер біреу солай десе, мұнысы – түбірімен қате. Ендеше, санаға серпіліс керек.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ